Мүгедектікті белгілеу, жәрдемақы рәсімдеу қызметтері электронды форматқа ауысады – Еңбекмин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов айтты.

Вице-министр ақпан айының соңында ҚР Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бойынша тапсырма берген болатынына тоқталды. Ол тапсырма аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Бүгінгі таңда қазақстандықтарға мүгедектікті белгілеу, жәрдемақыларды ресімдеу, техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін алу үшін түрлі мекемелерге жүгінуіне тура келеді. Азаматтар медициналық комиссиядан өту үшін медициналық мекемелерге жүгінеді. Содан кейін мүгедектікті анықтау үшін қағаз құжаттары мен медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне барады. Кейін жәрдемақы автоматты түрде Мемлекеттік корпорацияға жіберіледі, - деп айтты Оспанов.

Вице-министр атап өткендей, азаматтар әлеуметтік қызметтер, техникалық оңалту құралдары тағайындау және оны алу үшін жергілікті атқарушы органдарға, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне баруына тура келеді. 

Бірнеше мекемелер арасында жүруді жою, қағазбастылықты болдырмау және қызмет беруші мен алушының арасында қолма-қол байланысын болдырмау мақсатында біз процестерді цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде біз мүгедектікті сырттай белгілеу туралы айтып отырмыз – өтініш беруші тек медициналық мекемелерге жүгінеді, қалған процестер адамның қатысуынсыз ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы, адамдардың қатысуынсыз өтеді, - деп түсіндірді ол брифингте.

Сонымен қатар, жәрдемақылар, әлеуметтік қызметтер және техникалық оңалту құралдары автоматты түрде тағайындалады. 

Қазірдің өзінде барлық қажетті ақпараттық жүйелердің интеграциясы жүргізілді, Денсаулық сақтау министрлігімен интеграцияны аяқтау ғана қалды, бұл жақын арада жасалатын болады. Бұл жұмыстар 2021 жылдың шілде айында аяқталады деп жоспарланып отыр, - деп айтты вице-министр Оспанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы