Мүгедектікті белгілеу бойынша 11 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның барлық өңірлерінен 11 мыңнан астам өтінім қаралды. Қазіргі уақытта жобаға 487 медициналық ұйым қосылған.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сондай-ақ қызмет көрсетушілердің қызмет алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды.
Осы тапсырманы іске асыру шеңберінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, Қазақстанның барлық 17 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жоба іске қосылды.
Мүгедектік тобын белгілеу бойынша қызмет алу үшін өтініш беруші тек тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексеруден өтуі керек, ал қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
Жалпы, сырттай куәландыруға көшу:
- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді;
- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын айқындау бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетудің бизнес-процесін автоматтандырады;
- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды.
Пилоттық жоба арқылы 2022 жылы мүгедектікті белгілеу бойынша қызметтерді сырттай көрсетумен қамтуды мүгедектігі адамдардың 20% - ына дейін жеткізу жоспарлануда.