Мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылғандарға 334 млрд теңге төленді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы қаңтар-қараша аралығында республикалық бюджеттен мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 266,1 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы төлеуге 68,1 млрд теңге бөлінді.
2020 жылғы қараша айында республикалық бюджеттен мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 24,1 млрд теңге, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы төлеуге 7,1 млрд теңге бағытталды.
2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 509,4 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар саны 159,2 мың адамды құрайды.
Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауында болған адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
2020 жылғы 1 желтоқсанға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері – 47 336 теңгені, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері – 44 643 теңгені құрады.