Мүгедектік жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері қанша?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаңтар-қараша айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 283,5 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты 74 млрд теңге бағытталды.
2021 жылдың қараша айында республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 25,6 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 7,6 млрд теңге жұмсалды.
2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 520,8 мың адам, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 161,9 мың адам.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адамдар санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңында белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектік жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 49 198 теңге, асыраушыдан айырылу жағдайында 46 050 теңге болды, - делінген хабарламада.