Мүгедектігін рәсімдей алмай жүрген Ақтау тұрғыны емханада шу шығарды
Жанжал барысында Нұрым Игіліков емханадағы айнаны сындырған. Оның сөзінше, бұған өзін мазақ етіп, қорлаған сөздер себеп болған.
Ақтау қаласының тұрғыны Нұрым Игіліков №2 қалалық емханада болған жанжалдан кейін сот алдында жауап беруі мүмкін. Ер адамның айтуынша, ол инфаркт пен жүрекке жасалған операциядан кейін бір жылдан бері мүгедектік рәсімдей алмай жүр. Бұл туралы жергілікті Lada.kz порталы жазды.
Нұрым Игіліковтың сөзінше, ол 19–25 мамыр аралығында Sofie MedGroup клиникасында оңалтудан өткен. Кейін мүгедектікке қажетті құжаттарды анықтау үшін терапевтке жүгінген.
Оның айтуынша, дәрігерлер бұған дейін Денсаулық сақтау басқармасы мен прокуратураға шағымданғаны үшін мүгедектік рәсімдеуге кедергі келтіріліп жатқанын айтқан. Сондай-ақ ер адам кардиологтың оның медициналық үзіндісін рұқсатсыз суретке түсіріп, басқа адамға жібергенін мәлімдеді.
Жанжал барысында Нұрым Игіліков емханадағы айнаны сындырған. Оның сөзінше, бұған өзін мазақ етіп, қорлаған сөздер себеп болған.
Оқиғадан кейін емхана қызметкерлері полиция шақырған. Ер адам учаскелік пунктте болған жағдай үшін кешірім сұрап, сынған айнаны қалпына келтіруге келіскенін айтады. Алайда кейін оған дәрігерлерге қоқан-лоққы жасады деген айып тағылған.
Нұрым Игіліков бұл айыптауларды жоққа шығарып, тек әділеттілікке қол жеткізе алмаса, өзіне зиян келтіруі мүмкін екенін айтқанын жеткізді.
Оның сөзінше, қазіргі таңда ай сайын дәрі-дәрмекке шамамен 75 мың теңге жұмсайды. Сонымен бірге ресми мүгедектігі болмағандықтан тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтады.
Ер адам жеті баласы барын айтып, мүгедектікті заңды түрде рәсімдегісі келетінін жеткізді. Оның айтуынша, кей адамдар мұндай құжаттарды рәсімдеу үшін 50-100 мың теңге сұрайды.
Нұрым Игіліков 26 мамыр күні полиция бөліміне жеткізіліп, оған ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы — «Ұсақ бұзақылық» бойынша хаттама толтырылған. Бұл бап бойынша 20 АЕК көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.
Ал №2 қалалық емхана әкімшілігі оқиғадан кейін ер адамды мүгедектікті рәсімдеуге қажетті тексерулерден өткізуге дайын екенін мәлімдеді.