Мүгедектігі бар азаматтарға 1,1 трлн теңге бөлінді
Бүгінгі күні елімізде шамамен 752 мың мүгедектігі бар адам тұрады.
Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев елдегі мүгедектігі бар азаматтардың саны мен оларға бөлінетін қаржы көлемі туралы мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі күні елімізде шамамен 752 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл жалпы халық санының 3,7%-ы. Шамамен 56% еңбекке қабілетті жастағы адамдар, оның ішінде 29% зейнеткерлер, ал 15% балалар.
Осы жылы мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жиынтық шығыстар 1,1 трлн теңгеге жетіп отыр. Ал 2025 жылы – 1 трлн теңге болған, – дейді министр.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, оның ішінде төлеуге:
- мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға – 571,1 млрд теңге;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға күтім бойынша жәрдемақыларға – 124,1 млрд теңге;
- бірінші топтағы 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға күтім бойынша жәрдемақыларға – 56,7 млрд теңге;
- мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларға – 4,7 млрд теңге;
- оңалту орталықтарын салуға және ғылымға – 17 млрд теңге;
- арнаулы әлеуметтік қызметтерге – 190 млрд теңге;
- техникалық құралдар мен оңалту қызметтеріне – 80,7 млрд теңге көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инклюзивті саясатты жүзеге асыру шаралары қаралып, Бектенов мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсететінін айтқан еді.
Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар адамдардың 30%-ы ғана жұмыс істейтінін айтты.