Мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға арналған заңға түзетулер әзірленіп жатыр – Әшімбаев
Елімізде толыққанды инклюзивті орта қалыптастыру және бұл саладағы мәселелерді шешу үшін барлық деңгейде жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізу қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен сарапшылардың өзара тығыз байланысы да маңызды рөл атқарады.
Бұл жөнінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін Палата отырысында көру қабілеті бұзылған азаматтарға ақпараттардың қолжетімділігін жеңілдету туралы заңды қарау барысында айтты.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың, оның ішінде көру қабілеті бұзылған жеткіншектердің сапалы білім алуына жағдай жасау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Конституциямызда да бәріне тең мүмкіндіктер қалыптастыру туралы нормалар бар. Соларды іске асыруымыз керек. Сондай-ақ бұл – біздің адамгершілік міндетіміз. Осы бағытта Министрлік тарапынан ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын білеміз. Сонымен қатар аталған саладағы мәселелерді жүйелі және толыққанды шешу үшін біздің депутаттардың бастамасымен тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр. Ол білім беру жүйесінде инклюзивті ұстанымдарды аттыруды көздейді. Жалпы, бұл салада көптеген мәселе бар екені жасырын емес. Тиісті мамандар даярлауға, мектептердегі арнайы сыныптардың материалдық-техникалық базасын жетілдіруге қатысты түйткілдер бар. Сондықтан аталған заң қабылданғаннан кейін осындай мәселелерді шешуге ықпал етеді деп сенеміз. Бүгінде сенаторлар бұл салада белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, – деп, Мәулен Әшімбаев мүдделі тараптарды ортақ мақсат жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.