Мүгедектігі бар адамға қарайтындарға ай сайын "жалақы" төленеді
Қазақстанда өздігінен қозғалу мүмкіндігі шектеулі I топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жеке көмекшілердің қызметі көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, жеке көмекшілер мүгедектігі бар адамдарға медициналық, әлеуметтік және өзге де мекемелерге баруға, үйден шығып тұруға, сондай-ақ күнделікті тұрмыста қажетті көмек көрсетуге жәрдемдеседі. Көмекші абилитация және реабилитацияның жеке бағдарламасына сәйкес тағайындалады.
Бұл қызмет жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен төленеді және азаматпен заңнамаға сәйкес жасалған шарт негізінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар мемлекет жеке көмекшілер үшін әлеуметтік аударымдар жүргізеді, ал бұл кезең зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептеледі.
Егер I топтағы мүгедектігі бар азаматтың жеке көмекшісі болмаса, оған тұрақты күтім жасайтын адамға жәрдемақы тағайындалады. Бұл жәрдемақы Әлеуметтік кодекске сәйкес ай сайын республикалық бюджеттен төленеді және тұрақты күтім көрсететін отбасыларды қолдауға бағытталған.
Министрлік сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, I топтағы мүгедектігі бар азаматтардың жұбайы зейнет жасына жеткен болса да жеке көмекші бола алатынын атап өтті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарды қолдауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына, құқықтарының қорғалуына және өмір сапасының артуына жағдай жасау бағытында қолдау тетіктері одан әрі жетілдірілетінін мәлімдеді.