Мүгедектігі бар адамдардың төтенше жағдай кезіндегі проблемалары талқыланды
Бүгін Сенатта өткен Инклюзия жөніндегі кеңестің отырысы төтенше жағдайларда мүгедектерді қорғау және қауіпсіздік мәселелеріне арналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеңес мүшелері осы санаттағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін сарапшылармен және Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдерімен бірге талқылады.
Атап айтқанда, су тасқыны кезеңінде мүгедектігі бар адамдарды уақытша орналастыру пункттерінің қолжетімсіздігі туралы сөз болды. Көптеген эвакуациялық пункттер халықтың қозғалысы аз топтарына лайық жасалмаған. Биік табалдырық, тайғақ еден, тар есік, жоғары көтерілетін пандустың, тану және сезіну белгілерінің болмауы мүгедектер мен қарт азаматтарға, жүкті әйелдер мен арбалы ата-аналарға қосымша қиындықтар туғызады.
Сенаторлар мүгедектігі бар адамдар мен оларға ілесіп жүрушілерді төтенше жағдайда әрекет етудің негізгі қағидаларына арнайы оқытумен қоса халықтың төтенше жағдайға дайындық деңгейін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, ерте хабарлау жүйесін жетілдіру, уақытша орналастыру пункттерінің қолжетімділігі мен ақпараттық материалдарды таратуды қамтамасыз ету ұсынылды.
Төтенше жағдайларда мүгедектігі бар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл жай ғана қорғау мәселесі емес, олардың негізгі құқықтарын сақтау екені анық. Қауіпсіздік шараларын әзірлеу кезінде біз мүгедектіктің әртүрлі сипатын ескеруіміз керек, осылайша әрбір адам, олардың қозғалу мүмкіндігіне қарамастан, уақтылы көмек ала алады. Ол эвакуацияға ғана емес, ақпарат пен оқытудың және инфрақұрылымның қолжетімділігіне де қатысты. Біз күш-жігерді біріктіре отырып, мүгедектігі бар адамдар төтенше жағдай кезінде қиын жағдайға тап болмайтындай жүйе құруымыз керек, - деп атап өтті Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері өз кезегінде бүгінгі таңда қауіп дәрежесі жоғары 459 әлеуметтік сала нысаны мекеме есебінде тұрғанын атап өтті. Мемлекеттік өрт бақылау қызметі заң талабы бұзылуының алдын алу үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін үнемі тексеріп отырады. Жедел әрекет ету және эвакуация мәселесі де талқылаудың маңызды тақырыбы болды. Төтенше жағдайлар жүйесінде мүгедектігі бар 263 026 азамат туралы дерек бар.Бұл құтқару қызметтерінің тиімді әрекет етуіне көмектеседі.
Сенаторлар барлық мүдделі тараптарға әлеуметтік инфрақұрылым объектілері мен уақытша орналастыру пункттерінің қолжетімділігі бойынша жүйелі мониторинг жүргізуді, сондай-ақ виртуалды кеңес беру мен ассистивтік технологияны синхрондау үшін "Darmen" қосымшасының қызметін пысықтау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Кеңес отырысына қатысушылар мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және сараптамалық қоғамдастықтың өзара тығыз іс-қимылы арқасында мүгедектігі бар адамдардың төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздігін жақсарту жұмыстары жалғаса беруі тиіс екенін атап өтті.