Мүгедектігі бар 12 мыңға жуық адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілді

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларымен 11,8 мыңнан астам мүгедектігі бар адам қамтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда барлығы ерекше қажеттіліктері бар 104,8 мың адам жұмыспен қамтылған (27,4%).

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда мүгедектігі бар 730,5 мың адам тұрады, ол халықтың жалпы санының 3,6%-ын құрайды, олардың 419,9 мыңы еңбекке қабілетті жаста.

Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмысшылардың жалпы санының 2-ден 4 %-на дейін (жалдамалы жұмыскерлердің жалпы саны кемінде 50 адам болған кезде) көлемде жұмыс орындарына квота белгілейді. Ағымдағы жылдың үш айында квота шеңберінде мүгедектігі бар 3,9 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылуда. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша тұрақты жұмысқа 1,4 мың адам, жастар практикасына – 95 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 421 адам, қоғамдық жұмыстарға – 4,3 мың адам, «Күміс жас» жобасы бойынша – 473 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 46 адам жұмысқа орналастырылды.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 12 адам, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 1,2 мың адам қамтылды.

Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жарақтандыруға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. 2023 жылы осындай 120 арнайы жұмыс орны құрылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Өзгелердің жаңалығы