Мұғалімнің сағатын бөлу мәселесі: Асхат Аймағамбетов пікір білдірді
Мәжіліс депутаты, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде педагогтердің сағатын бөлу мәселесіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистің айтуынша, бұл тақырып мұғалімдер арасында жиі көтерілетін өзекті мәселе. Көптеген педагог оқу жүктемесін бөлу кезінде директорлар мен "завучтардың" жеке қарым-қатынасына байланысты әділетсіздік орын алады деп есептейді. Осыған орай, журналист бұл үдерісті арнайы регламентпен немесе бұйрықпен бекіту қажет емес пе деген сұрақ қойды.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектептердегі сағат бөлу мәселесіне қатысты өз көзқарасын білдіріп, бұл тек әкімшілік пен мұғалім арасындағы ғана емес, ұжым ішіндегі қарым-қатынасқа да әсер ететін күрделі мәселе екенін атап өтті.
Сағат бөлу – тек директор мен завучтың немесе мұғалім мен әкімшіліктің арасындағы мәселе емес. Бұл кейде мұғалімдердің өзара қарым-қатынасында да түсінбеушілік тудырады. Мысалы, бір мұғалім 26 сағат алады, екіншісі – 24, ал үшіншісі – 31 сағат алады. Ал басқа бір әріптес неге мен тек 16 сағат алдым деп ренжиді. Осыдан ұжым ішінде кикілжің туындайды, – деді депутат.
Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде мұғалімдердің жалақысы ставка жүйесімен емес, басқа тетіктер арқылы төленеді.
Мұндай ставка жүйесі – кеңестік кезеңнен қалған тәсіл. Көп елдерде мұғалімдердің еңбекақысы басқа принциптер бойынша есептеледі. Мен министр болған кезде бұл жүйені өзгерту үшін бірнеше өңірде пилоттық жоба бастадық, – деді Аймағамбетов.
Депутат реформаны енгізу алдында әр елдің мәдениеті мен контекстін ескеру маңызды екенін айтты.
Мысалы, Финляндияда немесе Қытайда осылай істелді екен деп, сол үлгіні дәл сол күйінде қолдануға болмайды. Әр елдің өз мәдениеті, өз ерекшелігі мен ішкі контексті бар. Сондықтан ең алдымен ғылыми зерттеу жүргізіп, кейін пилоттық жобаны іске асырып, содан соң ғана жүйені енгізу қажет, – деді депутат.