Мұғалімге құрмет көрсетпегені үшін директордың орынбасарына айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан  облысының  Білім  саласында  сапаны  қамтамасыз  ету  департаменті  Шардара  ауданындағы  Т. Айбергенов  атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі С. Жақыпованың Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған бейнеүндеуін қарағанын хабарлады. 

Бұл туралы департаменттің Facebook парақшасында жарияланды.

Мектеп директорының орынбасары мен мұғалімнің арасында педагогикалық жүктемені мұғалімдер арасында бөлуге байланысты дау туындағаны хабарланды. Т. Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының  директоры  М. Қаныбеков  қызметінен  босатылды.  Директордың  орынбасары  Р. Мұсалиеваға қатысты 409-бап бойынша «Педагогке  өзінің  лауазымдық  міндеттерін  орындау  кезінде  құрмет  көрсетпегені  үшін»  әкімшілік  іс қозғалды. Шардара аудандық соты директордың орынбасарына 30 АЕК көлемінде айыппұл төлеу туралы шешім шығарды, - деп жазды департамент.

Қазіргі уақытта мектеп директорының орынбасарын қызметінен босату туралы мәселе сот тәртібімен қаралып жатыр.

Айта кетейік, мектептер заң жүзінде әкімдіктердің қарамағында. Білім басқармаларының басшыларын әкімдер тағайындайды. Ал өз кезегінде басқарма басшылары мектеп директорларын тағайындайды. Сондай-ақ қаржыландыру да әкімдіктердің құзырында.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы