Мұғалімді жұмыстан заңсыз шығарған. Министр ұстаздарға «тиісетін» директорларды сынады
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомствоның аппарат отырысында мұғалімдерге қысым көрсететін директорларды сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біртұтас тәрбие бағдарламасы қабылданды. Қыркүйектен бастап енгізілді. Бұл жұмысты жандандыру қажет. Бұл болашақта мектептердегі көптеген мәселелердің шешілуіне мүмкіндік береді деп есептеймін. Сол себепті жұмысты күшейту қажет, - деді министр.
Ғани Бейсембаев отырыста Білім басқармалары басшыларына Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жұмысын да күшейтуді тапсырды.
Бұл орталықтарға келетін ата-аналардың қатарын көбейту керек. Өйткені мектеп пен ата-ана бірлесе жұмыс істеген жағдайда балаларымыздың жайлы да, қауіпсіз ортада білім алуына, сапалы білім мен саналы тәрбие алуына үлкен мүмкіндіктер тудыратынына баса назар аудартқым келеді. Сонымен бірге үнемі айтып келе жатқан тағы бір мәселе – ол мектеп ішіндегі микроклимат. Микроклимат өте жайлы болуы керек. Бұл неге байланысты? Бұл мектеп әкімшілігі мен педагогтердің арасындағы байланысқа байланысты, - деді ведомство басшысы.
Ғани Бейсембаев жекесіне жазатын мұғалімдер бар екенін айтты.
Бүгінгі күні жеке парақшама көптеген ұстаздан, жер-жерлерден әртүрлі шағымдар келіп түсіп жатыр. Соның ішінде мектеп әкімшілігінің мұғалімдерге көрсететін қысымы туралы сөздер соңғы кезде жиілеп кетті. Бұл - мектеп ұжымында ешқашан жол берілмеуі керек дүниелер. Өйткені педагогикалық қоғамда бір-біріне деген әріптестік сыйластық, құрмет болуы тиіс. Әкімшілік пен ұстаздар арасында қысым көрсету мәселесіне жол берілмеуі керек, - деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Бейсембаев.
Министр бұл педагогикалық этикет пен педагогикалық мәдениеттің ажырамас бөлігі екенін естен шығармау керегін айтты. Бейсембаев осы мәселені қадағалауды Білім басқармаларына басшыларына тапсырды.
Министр мысал келтіріп, жақында Маңғыстау облысында бір мұғалімді жұмыстан заңсыз шығарғаны туралы мәселе интернетте таралғанын айтты.
Мұндай мәселеге жол беретін әкімшіліктің, басшылықтың тірлігіне өте үлкен сынмен қарайтынымды назарларыңызға салғым келеді. Сондықтан ұжымда сапалы білім мен саналы тәрбие болуы үшін ұжымда микроклимат жоғары деңгейде болуы тиіс, - деді ол.