Мұғалімді TikTok-та балағаттаған: Оқушының ата-анасына айыппұл салынды
Екібастұзда мұғалімді TikTok әлеуметтік желісінде балағаттаған оқушының ата-анасына айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, отбасындағы қолайсыз ахуал – балалардың девиантты мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Өйткені тұлғаның қалыптасуы көбіне отбасыда жүзеге асады. Көп жағдайда ересектердің жасаған ескертулеріне балалар боқауыз сөздермен жауап береді.
Екібастұз қаласында 15 жастағы жасөспірім TikTok әлеуметтік желісінде мұғалімге қатысты бейәдеп сөздер қолданған. Осы әрекеті үшін оның ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Екібастұздың тағы бір тұрғыны ұлы үшін айыппұл төлеген. Аталған жасөспірім арнайы қызметтерге қасақана жалған қоңырау шалған. Полиция қызметкерлері жасөспірімдердің әрекетін ұсақ бұзақылық ретінде бағалады.
Құқық бұзған жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Еске сала кетейік, Қостанай обылысының Лисаков қаласында оқушының сабақтағы мінез-құлқы үшін оның ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айналасындағыларды балағаттаған оның ата-анасына айыппұл салынды.
Айта кетейік, соңғы жылдары әлем елдері балалардың әлеуметтік желілерге кіру жасын заңдастыру немесе реттеу туралы әңгіме белсенді жүріп жатыр. Бұл мәселе балалардың психикалық денсаулығы, қауіпсіздігі, тәуелділік пен кибербуллинг сияқты қатерлерге байланысты көтерілуде. Қазақстанда да осы бағыттағы бастамалар талқыланып, заң жобалары әзірленуде. BAQ.KZ тілшісі халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстандағы жағдайды зерделеп көрді.