Мұғалімді балағаттаған оқушы: НЗМ соңғы шешімді жариялады

Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болған жағдайға байланысты мектеп әкімшілігі оқушымен, оның ата-анасымен және педагогикалық ұжыммен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кездесуге Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл және қоғамдық кеңестің мүшелері де қатысты.

Кездесу барысында бұған дейін қабылданған шешім қайта талқыланып, тараптар өзара түсіністікке келді. Мектеп басшылығының мәлімдеуінше, қабылданған шешім өзгеріссіз қалады – оқушы мектептен шығарылып, мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды. Ата-анасы бұл шешімге қарсы емес, - деді НЗМ басқарма төрағасы Ануар Жанғозин әлеуметтік желіде.

Назарбаев Зияткерлік мектептері әрдайым оқушылармен құрметке және сындарлы қарым-қатынасқа негізделген жұмыс жүргізіп келеді. 

Сонымен қатар ұстаздарға құрметпен қарау – мекеме үшін айқын әрі бұлжымас қағида.

НЗМ басқарма төрағасы Ануар Жанғозин жұртшылыққа көрсеткен назары мен алаңдаушылығы үшін алғыс білдіріп, кері байланыстың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен бірге ол Оқу-ағарту министріне, министрлік өкілдеріне және бала құқықтары жөніндегі уәкілдерге жағдайға мұқият қарағандары үшін алғыс айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектебінде емтихан барысында дау-дамай туындап, шу шыққан еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы