25 Қараша 2026, 17:58 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Мұғалімдерге түсетін жүктеме азая ма: Педагогтер қанша және қандай құжат толтырады?

Қазақстанда мұғалімдер жүргізуге міндетті құжаттар санын 25-тен беске дейін қысқарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар білім беру саласындағы 70-тен астам цифрлық жүйе біріктіріліп, педагогтерге қолдау көрсететін 1472 байланыс орталығы іске қосылады. BAQ.KZ мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, абырой-мәртебесін көтеру үшін қандай жұмыс қолға алынғанына шолу жасады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мұғалімдердің артық жүктемесін азайту және олардың абырой-беделін қорғау қажеттігін айтқан болатын.

Президенттің сөзінше, бұрын қағазбастылық көп болса, қазір оның орнын түрлі платформалар мен цифрлық жүйелерге енгізілуі тиіс есептер басқан. Мемлекет басшысы ұстаздың негізгі міндеті – балаға сапалы білім беру екенін атап өтіп, осы жұмысқа кедергі келтіретін артық міндеттерді тоқтатуды тапсырды.

Сондай-ақ Тоқаев мектептерде оқушылардың мұғалімдерге дөрекі сөйлеп, тіпті күш қолданатын жағдайлары кездесетінін айтып, педагогтердің құқықтары мен беделін қорғау мәселесіне назар аударды.

Мұғалім жүргізетін құжаттар саны беске дейін қысқаруы мүмкін

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, 2020 жылы №130 бұйрықпен білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізуге міндетті 25 құжаттың тізімі бекітілген. Енді бұл тізімді беске дейін қысқарту көзделіп отыр.

Жоспар бойынша, өзгерістен кейін мұғалімдер мына құжаттарды жүргізеді:

  • сабақ жоспары;
  • үлгерім туралы мәліметтерді электрондық журналға енгізу;
  • қосымша білім беру педагогтерінің сабақтан тыс жұмыстарын есепке алу журналы;
  • сынып жетекшілерінің «Адал азамат» бағдарламасын іске асыру жоспары;
  • сұраныс бойынша оқушыларға берілетін мінездеме.

Бұл өзгерістерді жүзеге асыру үшін тиісті нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізу жоспарланған.

Білім беру саласындағы 70-тен астам цифрлық жүйе біріктіріледі

Министрлік жүргізген талдау орта білім беру саласында электрондық журналдар мен күнделіктерді жүргізуге, оқушылардың білімін бағалауға, мемлекеттік қызметтер көрсетуге және білім алушылардың есебін жүргізуге арналған 70-тен астам цифрлық жүйе мен сервистің қолданылатынын көрсеткен.

Бір өңірде орта есеппен онға жуық жүйе пайдаланылады. Бұл педагогтердің бір ақпаратты бірнеше рет енгізуіне және қосымша жұмыс істеуіне әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты министрлік білім беру саласының бірыңғай цифрлық архитектурасын қалыптастыруға кіріскен. Оның негізгі бөлігі Ұлттық білім беру деректер базасы болмақ.

Жоспар бойынша, қолданыстағы LMS-жүйелері осы базаға біріктіріледі. Электрондық журналдар, білім беру платформалары, сабаққа қатысуды, тамақтануды және мектепке кіруді есепке алу жүйелері қажетті ақпаратты ортақ база арқылы алатын болады.

Бұл бір мәліметті бірнеше рет енгізу қажеттілігін азайтуға бағытталған.

Мектептерде жасанды интеллект платформасы құрылады

Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу үшін Ұлттық білім беру жасанды интеллект платформасын құрып жатыр.

Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқарту. Сонымен қатар платформа педагогтердің әкімшілік жұмысын жеңілдетуге бағытталған.

Мұғалімдерге қысым көрсету жағдайлары зерделенеді

Министрлік педагогтерге қысым көрсету, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, сондай-ақ мұғалімдер мен оқушылар арасындағы жанжалдарға қатысты жағдайларды да зерделемек.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, әрбір өтінішті объективті әрі жан-жақты қарау, мектеп пен ата-аналар арасындағы байланысты жақсарту және білім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға басымдық беріледі.

Талдау нәтижелері бойынша тиісті нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру жоспарланып отыр.

Мұғалімдер 1472 нөміріне хабарласа алады

Педагогтердің күнделікті мәселелерін жедел қарау үшін «Ұстаз» платформасының жанынан 1472 нөмірі бойынша байланыс орталығы іске қосылды.

Бұл орталыққа мұғалімдер еңбек қатынастары мен еңбек жағдайы, жалақы мен қосымша төлемдердің есептелуі, әдістемелік қолдау, басшылармен немесе әріптестерімен келіспеушіліктер бойынша жүгіне алады.

Министрліктің мәліметінше, бұған дейін педагогтер кейде өтініштеріне жауап алу үшін айлап күтуге, қайта-қайта сұрау салуға немесе түрлі мекемелерге жүгінуге мәжбүр болған.

Енді әрбір педагог 1472 нөміріне қоңырау шалып, қажетті кеңес пен көмек ала алады. Өтініштер педагогтердің құқықтары мен құпиялық талаптарын сақтай отырып қабылданады.

Байланыс орталығы осы және келесі аптада сынақ режимінде жұмыс істейді. Осы кезеңде өтініштерді қабылдау және қарау тәртібі тексеріліп, анықталған техникалық ақаулар жедел түзетіледі.

Мұғалімнің қандай құқықтары бар?

Педагогтердің құқықтары «Педагог мәртебесі туралы» заңмен қорғалады. Құжатта мұғалімнің кәсіби қызметіне қатысты бірқатар құқық пен кепілдік бекітілген.

Заңның 6-бабына сәйкес, педагогті кәсіптік міндеттеріне қатысы жоқ жұмысқа тартуға, білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есептілікті немесе ақпаратты талап етуге болмайды. Сондай-ақ бір құжатты қағаз және электрондық форматта қатар жүргізуді міндеттеуге жол берілмейді.

Ал 7-бап бойынша мұғалім оқыту әдістері мен нысандарын өзі таңдауға құқылы. Ол мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын сақтай отырып, авторлық бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлеп, қолдана алады.

Егер педагог мектеп басшысының өзіне қатысты шешімімен келіспесе немесе оның әрекетін заңсыз деп санаса, жоғары тұрған лауазымды тұлғаға не сотқа шағымдана алады.

Сонымен қатар мұғалім кәсіби қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғалуға, ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрмет көрсетілуін талап етуге құқылы.

Заңда педагогтің кәсіби дамуына қатысты да құқықтар қарастырылған. Атап айтқанда, мұғалім үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттыруға, кәсіби даму бағытын таңдауға және кәсіби жетістіктері үшін көтермеленуге құқылы.

Егер педагогтің құқығы бұзылса, ол өзіне қатысты шешімнің немесе әрекеттің заңдылығын анықтап, оны растайтын құжаттарды жинап, жоғары тұрған органға немесе сотқа жүгіне алады.