Мұғалімдердің үні естілді: Оқу-ағарту министрі шу болған реформаны тоқтатты

Пәндерді біріктіруге қатысты жүргізілген реформаның тоқтатылғаны туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бұл шешім қоғамның, соның ішінде ата-аналар мен жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдерінің пікірін ескере отырып қабылданған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осыдан бір апта бұрын мен бұл реформаға өзім нүкте қойып, реформаны тоқтаттым. Бұл жерде біз қоғамның үнін, оның ішінде ата-аналар қоғамдастығын, сондай-ақ физика, химия, биология пәндерінен сабақ беретін ұстаздарымыздың үнін тыңдадық, – деді министр Qazaqstan арнасына берген сұқбатында.

Оның айтуынша, мектеп жасында оқушылардың іргелі пәндер бойынша толыққанды білім негізін қалыптастыруы аса маңызды.

Жалпы мектеп жасында балалар фундаменталды пәндерден толыққанды өзінің білім негіздерін қалыптастырады. Бұл білім негіздері баланың алдағы уақытта мамандық таңдауына, тіпті гуманитарлық салаға барған күннің өзінде де, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер баланың санасының дамуына, қоғамдағы орнына, қоғамдағы барлық құбылысты терең зерделей білуіне негіз болатын фундаменталды пәндер, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр бұл реформамен жеке өзі де бастапқы кезеңнен келіспегенін атап өтті.

Сондықтан жеке өз басым педагог ретінде, білім саласының маманы ретінде бұл реформаға басынан қарсылық білдірген болатынмын. Қазір реформа тоқтады, бұл пәндер бірікпейтін болды, – деді ол.

Сонымен қатар министр пәндерді біріктіру мәселесі міндетті білім стандартында қарастырылғанын, алайда мұндай шешімдер нақты зерттеулерге негізделуі тиіс екенін айтты.

Бұл пәндерді таңдау негізінде біріктіру мәселесі міндетті стандартта айқындалып жазылған болатын. Бірақ менің ойымша, міндетті стандарт нақты шешімдерге, нақты зерттеулерге негізделуі қажет, – деді министр.

Жұлдыз Сүлейменова жаңа білім стандартын әзірлеу кезінде еңбек нарығының болашақ сұранысы ескерілуі тиіс екенін атап өтті.

Біз стандартты өзгерткен кезде алдағы уақытта еңбек нарығына қандай азаматтар, қандай мамандар қажет болады, ол мамандардың бойында қандай білім, білік, дағды, құзыреттіліктер болуы керек, сол арқылы экономикамызды қалай дамыта аламыз, еліміздің еңбек нарығы қалай өзгереді деген сұрақтарға түбегейлі жауап беруіміз қажет, – деді ол.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда жалпыға міндетті білім беру стандарты жан-жақты талқылау кезеңінде.

Кеше методолог-ғалымдармен осы сұрақтар төңірегінде ой бөлістік. Біз жалпы жазылған, бекітілген жалпыға міндетті білім стандартын талқылауды бастадық, – деді министр.

Ол стандартты қабылдау кезінде асығыстық танытпау қажет екенін атап өтті.

Менің ойымша, бұл стандартты қабылдауда біз асығыстыққа жол бермеуіміз қажет. Бұл құжат қоғамның барлық өкілдерімен – ата-аналармен, жұмыс берушілермен, ірі өндіріс орындарымен, еңбек нарығы өкілдерімен, педагогикалық қоғамдастықпен, үкімет мүшелерімен, зиялы қауым өкілдерімен егжей-тегжейлі талқылануы тиіс, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оқу ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы