Мұғалімдердің құзыреттілігі ЖИ-ден жоғары болуы тиіс – сарапшы
Жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу кезінде ең басты назар – оны қалай тиімді әрі жауапты қолдануды үйретуде болуы керек. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының президенті Назипа Аюбаеваның айтуынша, тыйым салудан бұрын, мұғалімдер мен оқушыларды жасанды интеллектпен сауатты жұмыс істеуге үйрету қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір біз жасанды интеллектті білімге енгізуді зерттеп, нұсқаулықтар дайындап жатырмыз. Бірақ басты назар – технологияның өзінде емес, оны қалай қолданатынымызда. Мысалы, балаға "Сұрақты қалай қойдың? Не үйрендің?" деген бағытта сауал қойсақ, ол ойлануға мәжбүр болады. Осындай сәтте мұғалімнің құзыреттілігі ЖИ-ден де жоғары болуы тиіс, – деді Назипа Аюбаева.
Ол білім беру процесінде мұғалімнің рөлі тек тексеруші емес, бағыт беруші болуы керек екенін айтты. Яғни, антиплагиат жүйесін сыртқы платформа арқылы емес, мұғалімнің өзі оқушының даму траекториясы бойынша жүргізуге қауқарлы болуы тиіс.
Академия президентінің айтуынша, қазір бұл бағытта бірқатар эксперименттік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кейбір келешек мектептерде этикалық кодекс қабылданып жатыр. Оқушылар мен мұғалімдер ЖИ-ді қолдану кезінде қандай моральдық, мәдени нормаларды басшылыққа алуы тиіс екені талқылануда.
Біз мектептерге ЮНЕСКО ұсынған нұсқаулықтарды жеткіздік. Енді әр мектеп өз мұғалімдер қауымымен ақылдасып, этикалық нормаларды қабылдап жатыр. Бұл – өте дұрыс қадам. Себебі ЖИ қолдану тек технологиялық емес, этикалық мәселе де, – дейді Аюбаева.
"Тыйым салу" емес, "дұрыс бағыттау" керек
Назипа Аюбаева ChatGPT-дің 18 жасқа дейінгі балаларға шектеу қою туралы жарияланған шешіміне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл тыйым салу баланы қорғау мақсатында қабылданса да, басты шешім – білім арқылы алдын алу.
Иә, нарық өзгеріп жатыр. Балалар болашақта сол нарыққа шығады. Егер сол нарықта жасанды интеллект жетекші рөлде болса, біз оларға мектеп қабырғасында оны қалай дұрыс қолдануды үйретуіміз керек. Әйтпесе, он бірінші сыныптан кейін ол бала тек TikTok пен скроллингке кетіп қалады. Сондықтан мектеп қабырғасында баланы гаджетпен білім алуға үйретуіміз қажет, – дейді ол.
Назипа Аюбаева ЖИ-ге қатысты басты қауіптің бірі – оны тыйыммен емес, сауатты бағытпен қолдануды үйретпеу екенін айтты. Оның пікірінше, егер баланы телефоннан тек тыйым арқылы шектеуге тырыссақ, оның білім алуға деген қызығушылығын жойып алуымыз мүмкін.
Қазіргі міндет – "тыйым" мен "қолдану" арасындағы тепе-теңдікті табу. Бұл үшін мұғалімдер өте құзыретті болуы тиіс. Олар балаларға ЖИ-ді қалай этикалық тұрғыда қолдануды, академиялық адалдық пен сыни ойлауды қалай сақтау керектігін үйретуі керек, – деді академия президенті.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің жұмысын қалай жеңілдетуге болатынын айтты.