Мұғалімдердің мойнына жүктелетін артық жұмыс азаймай, керісінше күрделеніп барады – Аймағамбетов
Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді өзіне тән емес жұмыстарға тарту мәселесі әлі де өзекті екенін айтты. Оның сөзінше, соңғы жылдары бұл мәселе тіпті күрделене түскен. Бұған білім беру саласына енгізіліп жатқан цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелер де әсер етіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, 2019 жылдан бері педагогтерге жүктелетін артық жұмысты азайту бағытында белгілі бір өзгерістер болған. Алайда бұл мәселе түбегейлі шешімін таппаған.
Егер 2019 жылдан бері мұғалімдерді негізгі міндетіне жатпайтын жұмыстарға тарту мәселесінде ештеңе өзгерген жоқ десеңіздер, мен мұнымен мүлде келіспеймін. Мұғалімдердің өзінен сұрауға болады. Мен де осы салада жұмыс істеген адам ретінде белгілі бір өзгерістер болғанын білемін. Соның ішінде педагогтерге жүктелетін өздеріне тән емес жұмыстарды азайту бағытында да қадамдар жасалды, – деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен бірге депутат бұл мәселе әлі де бар екенін, тіпті кейінгі жылдары күрделене түскенін атап өтті.
Цифрландыру мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп жатыр ма?
Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, білім беру саласында жаңа ақпараттық жүйелер мен цифрлық технологиялардың көбеюі мұғалімдердің жүктемесін арттырып отыр. Кейбір басшылар жаңа жүйелермен жұмыс істеуді жеңілдетудің орнына, қажетті мәліметтерді жинауды педагогтердің өзіне жүктейді.
Жаңа технологиялар, соның ішінде цифрландыру пайда болды. Көптеген жаңа ақпараттық жүйелер енгізіліп жатыр. Бірақ кейбір басшылар мұны тиімді ұйымдастырудың орнына, мұғалімге қосымша міндет жүктеуді оңай жол деп санайды. Мұғалім қайтадан ата-ананы шақырып, одан түрлі мәліметтерді, кейде тіпті жеке деректерін талап етеді. Мұндай жағдайлар мүлде жол беруге болмайтын деңгейге жетеді, – деді депутат.
Ол бұл мәселені тек ережелер қабылдаумен шешу жеткіліксіз екенін аңғартты. Аймағамбетов жол қозғалысы ережелері мен Қылмыстық кодекс болғанымен, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың әлі де кездесетінін мысалға келтірді.
Айта кетейік, Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы реформалар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, артық жүктемесін азайтуға бағытталуы керек екенін айтты. Сондай-ақ мектептерде ұстаздарға дөрекі сөйлеу және күш қолдану жағдайларына жол бермеу қажеттігін атап өткен болатын.
Тағы оқи отырыңыз: «Ұстаз сабақ бере ме, әлде ата-анадан сөз ести ме?»: Аймағамбетов мұғалімдердің жанайқайын жеткізді