Мұғалімдерді аттестаттау жеңілдей ме? – Министрлік талаптарды қайта қарайды

Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау қағидаларын қайта қарап, осы уақытқа дейін бекітілген бірқатар бұйрықты зерделеуге кірісті. Бұл туралы министрлікте өткен жиында мәлім болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрліктің бастамасымен саладағы нормативтік-құқықтық актілерге талдау жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына еліміздің әр өңірінен белсенді педагогтер енген. Бұған дейін ұстаздар министр қабылдауында болып, кейбір бұйрықтардың өзара сәйкессіздігі мен түсініксіз талаптарға қатысты шағымдарын жеткізген.

Жаңадан құрылған жұмыс тобы қолданыстағы барлық нормативтік-құқықтық актілердің заңнамаға сәйкестігін, бір-біріне қайшы келмеуін және педагогтерге артық әкімшілік жүктеме түсірмеуін жан-жақты талдайды.

Министрліктің баспасөз қызметінің ақпаратынша, педагог қауымдастықпен бірлесе отырып, құқықтық база заман талабына бейімделеді. Құжаттарды қайта қарау кезінде цифрландыру талаптары ескеріліп, ашықтық пен жариялылыққа басымдық беріледі. Ал педагогтер мен білім беру ұйымдары үшін түсініксіз немесе артық талаптар оңтайландырылмақ.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жұмыс тобының басты мақсаты – педагогтермен кері байланысты күшейту және ұсыныстарды ашық талқылау.

Біз 10 негізгі бағыт бойынша барлық нормативтік-құқықтық актілерге талдау жасаймыз. Жұмыс тобының қорытындылары негізінде нақты ұсыныстар пакеті әзірленеді. Әр бағыт бойынша ұсыныстар келесі жылдың ақпан айында бөлек-бөлек талқыланады, – деді министр.

Жиын барысында жұмыс тобының мүшелері педагогтерді аттестаттау қағидаларын қайта қарау мәселесін де көтерді. Әсіресе, аттестаттау кезінде мұғалімдерден авторлық бағдарламаларды әзірлеуді талап ету жөнінде ұсыныстар көптеп түскен.

Қазіргі таңда “педагог-шебер” біліктілік санатына қойылатын талаптардың бірі – республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған авторлық бағдарламаларды әзірлеу және оны тәжірибеге енгізу. Бұл бағдарламаларға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы Сараптамалық кеңес сараптама жүргізеді.

2025 жылы республикалық сараптамалық кеңес 875 материалды қарастырып, оның 303-ін мақұлдаған. Ал 572 авторлық бағдарлама қайта пысықтауға жіберілген. Бұл ұсынылған жұмыстардың жартысына жуығы талаптарға сай келмегенін көрсетеді.

Министрдің айтуынша, авторлық бағдарламалардың басым бөлігі мазмұндық және техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Ал мұндай талап педагогтердің уақытын тиімсіз жұмсауға және формализмнің күшеюіне әкеліп отыр. Сонымен қатар, мақұлданған бағдарламалар білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылмайды.

Аттестаттау талаптары педагогтің нақты кәсіби нәтижесін бағалауға бағытталуы керек. Формалды құжат айналымын азайтып, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беру маңызды, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Осыған байланысты алдағы уақытта “педагог-шебер” санатына қойылатын талаптар қатарынан авторлық бағдарламаларды әзірлеу талабы алынып тасталуы мүмкін. Оның орнына педагогтің кәсіби құзыреттілігін әділ әрі нақты бағалайтын, оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыруға бағытталған баламалы бағалау тетіктері енгізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы