Мұғалімдерден жалған наградаларды сатып алмауды талап етеміз – БҒМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы аппарат жиналысында Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты.

Вице-министр білім саласында қандай наградалар берілетінін баяндап берді.

Білім саласында бекітілген ведомстволық наградалар – «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» төсбелгілері және «Құрмет грамотасы», «Алғыс» хат. Бұдан басқа білім саласында бекітілген ешқандай награда жоқ. Сондықтан мұғалімдердің пайдаланып жүрген, сатып алып жүрген басқа наградалары дұрыс емес және педагогикалық әдепке сәйкес келмейді, - деді ол.

Сонымен қатар, Каринова өз баяндамасында Министрліктің ведомстволық наградалары қандай тәртіп бойынша берілетініне тоқталды.

Біріншіден, облыстық деңгейлерден келген марапаттау материалдары комиссияның отырысында қаралады. Комиссия шешім қабылдап, мұғалімдерді тиісті наградаларға ұсынады. Әр наградталған мұғалімге ведомстволық наградамен бірге оның куәлігі тапсырылады. Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап «Педагог мәртебесі» заңы аясында жергілікті атқарушы органдардың белгілері бекітілді. Қазіргі күні барлық облыста, өңірде аталған наградаларды бекіту жұмыстары жүргізілді. Ол - наградалар облыстың деңгейінде білім саласына сіңірген еңбектеріне байланысты берілетін әр түрлі марапаттар. Бұл марапаттар «Педагог мәртебесі» заңы аясында мұғалімдердің еңбегін көрсететін марапаттар, - деп жеткізді Шолпан Каринова.

Ол Асхат Аймағамбетов айтқандай, қазіргі қоғамда және мұғалімдердің арасында туындап отырған келеңсіз жағдайлар көп екенін айтты.

Бұл мәселе күрделеніп, әрі қарай өсіп отыр. Сондықтан бүгінгі күні БҒМ «Жыл мұғалімі», «Ұлт мұғалімі» немесе «Қазақстанның еңбегі сіңірген ұстазы» сияқты аттарды беретін жалған наградаларға мұғалімдерден осы жолға бармауды талап етеміз. Өйткені бұл наградалардың барлығы да бүгінгі күні қолданыстағы заңнамаға сәйкес ешбір рұқсаты жоқ наградалар. Мектептерде, басқа да білім мекемелерінде осындай наградаларды сатып алу немесе мұғалімдерге ресми түрде беру мәселелерін тоқтату қажет. Бұл педагогтердің арасында ғана емес, сонымен қатар жалпы қоғамда білім саласының деңгейінің түсуіне, мұғалімдердің мәртебесінің түсіруіне және педагогикалық әдептің сақталмауына әкеліп отыр. Сондықтан мұны жедел түрде тоқтату жұмыстарын жүргізу қажет, - деді Каринова жиналыста.

Айта кетейік, министр ақылы марапаттар үрдісі азаймай тұрғанын айтқан болатын.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы