Бүгiн 2026, 17:52 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Мұғалімдер санатына қарай қанша жалақы алады?

Министрлік мұғалімдердің жүктемесі мен жалақы айырмашылығына жауап берді.

Брифинг барысында журналистер педагогтерге қойылатын аттестация талаптарының күшеюі, жүктеменің артуы және жалақыдағы айырмашылық мәселесін көтерді. Бұл сауалдарға Оқу-ағарту министрлігі жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жалақы айырмашылығы неге аз?

Журналистердің айтуынша, педагог-модератор мен педагог-шеберге қойылатын талаптардың айырмашылығы үлкен болғанымен, олардың жалақы айырмашылығы шамамен 10-15 мың теңге ғана.

Сонымен қатар мұғалімдер жүктеменің артып жатқанын айтады. Кейбірінің сөзінше, іс жүзінде жұмыс уақыты 24 сағаттан асып кетеді, ал заң бойынша 40 сағаттық еңбек нормасы сақталуы тиіс.

Бұл сұраққа жауап берген Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова қазіргі таңда аттестация талаптары жаңартылып жатқанын жеткізді.

Сіз дұрыс айтасыз, ғылыми материалдар мен авторлық бағдарламалар бойынша талаптарды жеңілдету мәселесі қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы кейбір талаптарды алып тастадық, - деді ведомство өкілі.

Министрлік мәліметінше, педагогтердің нормативтік оқу жүктемесі – 16 сағат.

Кей жағдайда мұғалімдер қосымша жүктеме алады. Бірақ 40 сағат толық жұмыс істеу педагог үшін ауыр болуы мүмкін, себебі әр сабаққа дайындық қажет, әр оқушының деңгейі әртүрлі, - деді спикер.

Ведомство өкілі «ашық сабақ» ұғымына да түсініктеме берді.

Педагог үшін әр сабақ - ашық сабақ. Себебі әр күні сыныпқа жаңа тақырыппен келген оқушы үшін бұл маңызды процесс. Сондықтан мұны қосымша ауыр талап деп қарастыру дұрыс емес, - деді ол.

Сонымен қатар, бұрын талап етілетін көрсеткіштер азайтылғаны айтылды. Мысалы, бұрын 25 ашық сабақ қажет болса, қазір 5 жыл ішінде 4 сабақ жеткілікті.

Біліктілікті арттыру талаптары жеңілдетілді

Министрлік біліктілікті арттыру курстары бойынша да өзгерістер енгізілгенін атап өтті.

Бұрын 78 сағат болса, қазір талап 36 сағаттан кем болмауы тиіс, - деді спикер.

Педагогтер үшін негізгі бағалау критерийлерінің бірі - оқушылардың жетістігі.

Мұғалім өз оқушыларының нәтижесімен мақтануы керек. Бұл - халықаралық деңгейдегі көрсеткіштер арқылы да бағаланады, - деді Шынар Ақпарова брифингте.

Сонымен қатар, мұғалімдер түрлі сараптамалық және жұмыс топтарына қатыса алады.

Оқулық әзірлеу, түрлі жобаларға қатысу - бұл педагогтің кәсіби дамуына оң әсер етеді. Бізде белсенді ұстаздар көп, сондықтан мұндай бастамалар тек қолдау табады, - деді ол.

Министрлік алдағы уақытта мұғалімдер санатына қарай қандай үстемақы алатыны жайлы толық мәлімет ұсынады.

Бұған дейін мұғалімдерге қосымша ақы төленетіні белгілі болды. 

Сондай-ақ мұғалімдердің еңбек демалысы 56 күнге дейін ұзартылды.