Мұғалімдер сабақ өткізуге емес, оқушылардың ептілігін дамытуға назар аударуы керек – мұғалім
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекеленеді. Осы уақыт аралығында бір салаға ден қойып, қызметін адал атқарып жүрген мамандар аз емес. 30 жылда жас ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып жүрген мұғалімдердің еңбегін ерекше атап өтуге болады.
Осы орайда Батыс Қазақстан облысы Сегізсай ауылында 30 жылға жуық уақыт бойы ұстаздық қызмет атқарып келе жатқан Айгүл Жетмековамен әңгімелескен едік.
Еңбек жолымды өзімнің туған ауылым Сегізсайда бастадым. Сегізсай негізгі орта мектебінде 30 жылдай еңбек етіп жатырмын. Орал педагогикалық институтын 1995 жылы тәмамдадым. Өзімнің оқыған мектебімде жұмыс істеп жүрмін. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Сонымен қатар ұжымда директордың оқу ісі меңгерушісімін, - деді ол.Айгүл Жетмекова 30 жылда тәрбиелеп үлгерген мыңдаған оқушылардан бөлек өз отбасында 3 баланы тәрбиелеп жеткізген.
Отбасында үш бала тәрбиелеп отырған анамын. Үлкен қызым «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда білім алып келді. Екінші қызым қазір Алматыда магистратурада оқып жатыр. Кенже ұлым да Алматыда жоғары білім алып жатыр. Мен өзім білім беретін оқушыларыма да өз балаларымнан кем қарамаймын деп ойлаймын. Болашақ ұрпаққа білім беру, бағыт беру үлкен жауапкершілікті қажет етеді, - деді мұғалім.«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтып кеткендей, мұғалімнің ағарту ісіндегі еңбегі ұшан-теңіз. Алайда ол ағарту ісінің қалай жүргізілуі де үлкен рөл ойнап отыр.
Осы орайда біз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімінен сабақты қызықты әрі ерекше өткізудің әдіс-тәсілдерін сұрап білдік. Айгүл Жетмекова өзінің 30 жылдық еңбек өтілі кезінде қолданған тәжірибесі туралы айтып берді.
Еңбек пен жеміс
Мұғалім күнделікті сабақтардың жемісі ретінде қабылданатын ашық сабақтың маңызын айтып берді.
Ашық сабақ - әр мұғалімнің жетістігі, еңбегінің шығармашылығы. Ашық сабақтың қызықты өтуі мұғалімнің шеберлігі мен дайындығын қажет етеді. Күнделікті сабақ ашық сабақ сияқты өтпейді. Сабақтың мақсаты мен жоспары болса да, қалыпты сабақтардың барлығында күнде слайд дайындалмайды. Презентациялық тақталар да назардан тыс қалуы мүмкін. Ал ашық сабақта бұрын қолданылмаған әдіс-тәсілдер жүзеге асырылады, - деді мұғалім.Оның айтуынша, ерекше сабақты 3 кезең бойынша өткізуге болады.
Ол: сабақтың басы, ортасы және соңы. Сабақтың басында оқушылардың назарын аудару үшін олардың көңіл-күйін сұрау және олармен тренинг өткізуге болады. Мысалы, әр оқушыға өз бойындағы екі мықты жағы мен осал тұсын айтқызуға болады. Оқушылар «мен еңбекқор, ақылдымын» деген мысал келтірсе, осал тұсына еріншектігін жатқызуы мүмкін. Осылайша, сабақтың басында балаларды ашықтық пен шынайылыққа бейімдеп алуға болады, - дейді ұстаз.
Тәжірибелі ұстаздың айтуынша, ерекше сабақ қызықты өтуі үшін оқушыларды топқа бөлуге болады.
Топқа бөлуді үштүрлі кәмпит немесе геометриялық фигураларды бөліп беру арқылы оқушыларды топтарға жіктеуге болады. Сабақтың ортасында өтіп жатқан тақырыптың ең маңызды тұстары айтылады. Ашық сабақты жоспарлаған кезде оның негізгі тақырыбы мен мақсатын таныстырған абзал. Мысалы, Төлен Әбдіковтың «Қонақтар» деген әңгімесі сынды ең алдымен оқушыларға сабақтың тақырыбы таныстырылады. Мен сабақта Блум таксономиясын қолданамын, - деді қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі.
Әдіс пен тәсіл
Блум таксономиясы - иерархиялық тәртіпте орналасқан білім беру мақсаттарының жүйесі.
Оның алты кезеңі бар: білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау. Білу кезеңінде Төлен Әбдіковтің өмірі туралы, ол кім? деген сұрақтарға жауап беру керек. Мысалы, Төлен Әбдіков деп тақтаға жазса, оқушылар оның жан-жағына жазушы, аудармашы, драматург деп жазады. Осылайша, кейіпкердің кім екенін анықтаймыз. Сондай-ақ әрбір тақырыпшадан кейін оқушылар бір-бірін бағалайды немесе мұғалім оқушыларды, топтар бір-бірін бағалауы мүмкін. Әрбір тапсырма бойынша осындай бағалау болса сабақ қызықты, тартысты өтеді, - дейді ол.Айгүл Жетмекова Блум таксономиясының екінші кезеңі «түсіну» бойынша Төлен Әбдіковтың «Қонақтар» әңгімесіндегі кейіпкерлерге тоқталу қажетін айтады.
Әрине, ашық сабаққа оқушылар «Қонақтар» әңгімесін оқып келуі керек. Бұл ашық сабақта талқыланатын тақырып болғандықтан оқушыларға шығарманы үйде оқып келуді тапсыру керек. Осылайша, суреттерді беріп, олардың шығарманың қай бөліміне тиесілі екенін анықтауға болады. Олар суретпен жұмыс істейді. Онда Блум таксономиясының түсіну әдісі қолданылады. Ал «талдауда» бұл шығарманы қазақ тілі пәнімен байланыстыруға болады. Мысалы, әңгіменің ішінде теңеу кездеседі. Теңеу -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары арқылы жасалады. Тұрақты тіркестер де кездесіп жатады. Оқушылар осы сөздерді дәптерлеріне көшіріп жазады. Осылайша, екі пәннің арасындағы байланысты нығайтуға болады, - дейді ұстаз.Оның айтуынша, талдау, жинақтау барысында да кейіпкерлердің әрекетін талқылау керек.
Кейіпкерлерге жеке-жеке мінездеме беріледі. Мысалы, «Қонақтардағы» Ерқабыл ірі денелі тұлға болған, ал Сапабек атжақты әкесі сияқты сары жігіт болған. «Жинақтау» барысында Венн диаграммасын пайдаланамын. Онда Ерқабыл мен Сапабектің айырмашылығы айтылады. Екі дөңгелек сызып, бір-біріне жақындатып, бірінші дөңгелекке бірінші тұлға, екіншіге келесі тұлғаның қасиеттері жазылады. Ал ортасындағы дөңгелекке екеуінің ұқсастығы жазылады. Ерқабыл мен Сапабектің ұқсастығына оның бір әулеттің ұрпақтары екенін, яғни туыстығын, жынысын, қасиетін келтіруге болады. Бұл сабақтың ортасына жатады. Осындай тапсырмалармен қыздыра түскен маңызды,- деді Айгүл Жетмекова.
Мұғалімнің айтуынша, осылайша, екі кейіпкерге дискриптор беріледі. Қазіргі сабақтарда бұл әдіс кеңінен қолданылады.
Бақылау барысында мен көбіне БББ кері байланысын пайдаланамын. Бірінші Б - білемін, екінші Б - білдім, үшінші Б - білгім келеді. Бұл жерде оқушыларға слайд көрсетіледі. Олар дәптерлерінен ашық сабақтан білгендерін, осы сабақта не түсігенін және білгісі келетінін жазады. Бағалау барысында ашық сабақты бағалаймыз. Оқушылар сабақтан алған үш маңызды мәліметті айтады. Сондай-ақ қиындық тудырған тапсырмаларды жіктейді. Тақырыптар бойынша сабақ барысында туындаған сұрағын қояды. Осындай қорытындылармен аяқтауға болады. Қазіргі кезде оқушыларды бағалау 10 балдық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, 8-9 деген баға 5, 7-8 4 дегенді, 6-5 3 дегенді білдіреді, - деді ол.Ұстаздың айтуынша, сабақта ерекше белсенділік көрсетіп, ынталы болған оқушыны көтермелеген де маңызды.
Үйге тапсырма беру де өзекті. Мысалы, осындай ашық сабақтан кейін үйге «Қарт адам - қазына» деген тақырыпта ой толғау жазып келуді тапсырар едім, - деді ол.Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі ашық сабақты қызықты етіп өткізу үшін әртүрлі әдісті қолданған дұрыс екенін айтады.
Ерекше сабақтар өткізгенде өзге мұғалімдер дәстүр бойынша сабаққа қатысады. Мысалы, мен бастауыш сынып мұғалімі өткізген ашық сабаққа қатыстым. Онда мұғалім «орамжапырақ» әдісін қолданды. Парақтан орамжапырақ жасап, әр параққа сұрақтарды жазған. Оқушылар орамжапырақтың әрбір парағындағы сұрақтарға үлкен қызығушылықпен жауап берді. Осыған ұқсас әдістер бар. «Қар көшкіні» деген тәсіл де бар. Онда бір бет қағазға әрбір оқушы сұрақ жазып, қағазды домалақтап лақтырады. Кейін бір-бірден сұрақтарды алып, жауабын жазып, қайтадан лақтырады. Осылайша, сабақ сергіту сияқты өтеді. Ашық сабақтың неғұрлым қызықты өтуі мұғалімнің шеберлігіне тікелей байланысты. Осылайша, өзге әріптестерден тәжірибе жинағауға да болады, - деді Айгүл Жетмекова.Тәжірибелі ұстаздың айтуынша, ашық сабақта сыныпты екіге бөліп отырғызатын «Аллея» әдісін де қолдануға болады.
Бұл әдіс бойынша оқушылар екі топқа бөлініп, «дұрыс» және «бұрыс» деп бөледі. Оқушылар бұл әдіс бойынша кейіпкерлердің әрекетіне бағалау, талдау, сыни көзқарас қалыптастырады. Мұндай әдістер өте көп. Кері байланыс тудыру үшін «Жұлдызыма жеттім бе?» деген әдісті қолдануға болады. Ашық сабақтың аяғында оқушылар алған білімінің қорытындысы негізінде сұрақтарға жауап беру арқылы сатылап жұлдызға жетуі керек. Сабақ соңында оқушылар сабақта алған әсерін жедел хат ретінде мұғалімге жолдай алады, - деді ол.
Кеше мен бүгін
Ұстаздың айтуынша, қазір бұрын-соңды болмаған компьютерлік жетістіктер ашық сабақ ұйымдастыруда септігін тигізеді.
Бұрын ондай мүмкіндіктер болмады. Компьютер болмаған кезде күнделікті сабақ жоспарын барлығын қолмен дәптерге түсіретін едік. Көрнекілікті түрлі-түсті фломастерлерді қолдана отырып плакатқа жазатын едік. Кестені де қолмен сызатынбыз. Мысалы, осы еңбек жылдары кезінде қолмен сызған плакаттар әлі күнге дейін үйде сақталған. Бұл да бір дәурен, жазған еңбегім ғой деймін. Қазір технология дамыған заманда интернеттен де алуға болады. Сабақ барысында бейне, аудиоматериалдарды пайдалануға болады. Интерактивті тақтадан көрсету үшін слайд жасауға болады. Бейнематериалдарды көрсету арқылы оқушылардың пікірін сұрауға да болады. Яғни, оқушылар визуалды қабылдауға жылдам бейімделеді. Ашық сабақ барысында оқушылардың барынша белсенді болып, пікірталасқа қатысқандары абзал, - деді ол.Айгүл Жетмекованың айтуынша, қазіргі технологиялар мұғалімнің уақытын айтарлықтай үнемдейді. Бұрын жазу-сызуға уақыт көп жұмсалатын. Ашық сабақ өткізу үшін көрнекілік дүниелерді дайындау үшін де біршама уақыт жұмсалады.
Қазір барлық технологияны қолданамыз. Әрбір мұғалімде компьютер мен принтер бар. Үйде дайындап әкеліп, флешкаға салып интерактивті тақтадан көрсете алады. Бұл жағынан қазір ешқандай қиындық пен кедергі жоқ, - деді ол.
Айгүл Жетмекова ашық сабақты пән мен тақырыпқа бейімдеудің маңыздылығына да тоқтады.
Жаңа технологияларды да мұғалім пәнінің ерекшелігіне қарай қолданады. Математика сабағында пәнге жақын әдістер қолданылады. Кейбір мақалда сан есімдердің қолданылуын пайдалануы мүмкін. Мысалы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін алатын болсақ, Ыбырай Алтынсариннің «Дүние қалай етсең табылады?» әңгімесін оқып келуін тапсырып, сабақтың басында ой түрткі ретінде сұрақтарды қоюға болады. Алдымен Ыбырай Алтынсарин кім? деген сұрақтарға жауап бергізу арқылы бастауға болады. Кейін әңгіменің басты кейіпкері кім? деген сұрақтар арқылы кейіпкердің қасиеттерін талдауға болады. Интерактивті тақтаны қолдана отырып, оқушылардың алдына әңгіме бойынша суреттерді шығаруға болады. Оқушылар «суреттер сөйлейді» әдісі бойынша суреттердің орындарын табады, - деді ол.
Айгүл Мұхамбетқалиқызы сабақ қорытындысында бағалау әдістерін қолдануға болатынын айтты.
Оқушылар «отшашу» немесе «бағдаршам» әдістерін пайдалана алады. Мысалы, «отшашуда» оқушылар жоғарыдан төменге дейін шапалақ ұрады. «Бағдаршам» бойынша үш түс арқылы баға береді. Мұғалімнің бағалауы, оқушының өзін-өзі бағалауы және топтардың бір-бірін бағалауын пайдалануға болады. Ашық сабақта көрсеткен нәтиже бойынша міндетті түрде бағалауды жүзеге асыру керек, - деді ол.
Тәжірибелі ұстаз мұғалімдер қандай дүниеге назар аударуы керегін жеткізді.
Мұғалімдер өзінің сабақ беруі емес, оқушылардың оқу ептілігін дамытуға назар аударуы керек. Бұл дегеніміз - оқу процесін «қажеттен» «өте қызықты» деңгейіне жеткізу. Оқушыларды «Бұл маған қажетті», «Бұл маған қызықты» бұл менің түйінім дегенге жетелеген абзал. Осы мақсатта мұғалім оқыту ортасын құру, соның арқасында оқушылар ақпаратты енжар қабылдамай, оқу үдерісіне белсенді қатысады. Оқушы қай сабақ болмасын білім мен түсінікті оқушы өзі қалыптастырады, ал мұғалім- бұл үдерісте көмек көрсетуші жан, - деп қорытындылады Айгүл Жетмекова.