Мұғалімдер қашықтықтан оқытуға арналған инновациялық оқыту ресурсын әзірледі
Абай облысының мұғалімдері қашықтықтан оқытуға арналған инновациялық оқыту ресурсын әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, Абай облысының Жарма ауданындағы мұғалімдер Елдербек Кенжебеков, Айжан Садықова, Мақсат Тоқтағанов және Оксана Дерр физиканы үйде оқытуға арналған электронды оқу сайтын жасаған.
Ол сегізінші сынып оқушыларына түрлі білім беру ресурстарына, есептер жинағына және онлайн білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ сайт жылдық оқу жоспарын, интерактивті ойын тапсырмалары мен нейровизауалды қолданумен жылдам көруге арналған бейне сабақтарды ұсынады. Үйде оқитын балалардың жетістігі оқу процесіне қызығушылықты арттырудағы сайттың тиімділігін көрсетеді.
Бүгінде пән мұғалімдері түрлі білім беру және ойын ресурстарын бір жүйеге біріктіріп, веб-технологияларды белсенді қолдануда. Бұл сайт физика пәні мұғалімінің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оқушылардың үйде тиімді білім алуын қамтамасыз етеді, - деп атап өтті жоба авторлары.
Айта кетейік, сайт үйде оқитын балалардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес үнемі жаңартылып отырады және кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді.