Бүгiн 2026, 16:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Мұғалімдер қағазбастылықтан құтыла ма? – Мәжіліс мақұлдаған заң не туралы

Депутаттар ұстаздарды артық жүктемеден босатып, олардың құқықтарын қорғауды күшейтуді көздеп отыр.

Мәжіліс «Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері туралы» заң жобасын, сондай-ақ оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында енгізілетін ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжат Мемлекет басшысының педагогтердің құқықтары мен мүдделерін заңнамалық деңгейде қорғауды күшейту жөніндегі тапсырмасы негізінде әзірленген.

Жаңа заң жобасы ұстаздардың мәртебесін арттырумен қатар, олардың кәсіби қызметіне қатысы жоқ міндеттерден босатуға бағытталған. Негізгі өзгерістердің бірі – педагогтердің жауапкершілігін нақты шектеу. Енді мұғалімдер тек оқу процесі кезінде ғана жауапты болады. Ал балалардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі кеңейтіледі.

Сонымен қатар құжатта мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту мәселесіне ерекше назар аударылған. Енді есептілікті қатарынан қағаз және электронды форматта жүргізуге тыйым салынады. Бұл мұғалімдердің уақытын үнемдеп, негізгі қызметіне көңіл бөлуіне мүмкіндік бермек.

Мектептердегі тәртіпке қатысты да өзгерістер бар. Атап айтқанда, орта білім беру ұйымдарында ұялы телефондарды пайдаланудың бірыңғай ережелері енгізіледі. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде оқушыларды ғылыми жұмыстарға тарту шаралары қарастырылған.

Сондай-ақ заң жобасы Қазақстанда шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашуға құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Бұл ретте олардың қызметі ұлттық білім беру стандарттарына сай болуы тиіс.

“Ұстаздарды орынсыз міндеттерден босататын заң”

Заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт бұл құжат ұстаздар көптен күткен өзгерістерді қамтитынын атап өтті.

Бұл – ұстаздар қауымы күтіп отырған маңызды заң. Жаңа нормалар мұғалімдерді қағазбастылықтан, жөнсіз жауапкершіліктен және өз міндетіне қатысы жоқ жұмыстардан босатады. Бұған дейін ұстаздар түрлі шараларға тартылып, негізгі жұмысынан тыс міндеттерді атқаруға мәжбүр болды. Тіпті мұндай жағдайларда оларды қорғайтын нақты заң да болған жоқ, – деді депутат.

Ол ұстаз мәртебесін арттыру қоғам үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екенін атап өтті.

“Педагог мәртебесін көтеру – жүйелі саясат”

Өз кезегінде Ерлан Саиров заң жобасын қолдайтынын жеткізіп, соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың мәртебесін арттыру бойынша нақты тапсырмалар беріп келеді. Соның нәтижесінде педагогтердің жалақысы өсті. Бүгінде Қазақстан мұғалімдердің еңбекақысы бойынша ТМД елдері арасында алдыңғы қатарда. Соңғы үш жылда біздің фракцияның бастамасымен бұл салада бірқатар заң қабылданды, – деді ол.

Сонымен бірге депутат білім беру мен тәрбие процесі үздіксіз жетілдіруді қажет ететінін атап өтті.

Мектептегі тамақтану – өзекті мәселе

Талқылау барысында Ерболат Саурықов мектептегі тамақтану мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл тек ұйымдастыру емес, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік мәселе.

Бүгінде мектептегі тамақ сапасына қатысты шағымдар көп. Ақша бюджеттен де, ата-аналардың қалтасынан да төленеді, бірақ сапасына нақты кепілдік жоқ. Кей жағдайларда балаларды төлем жасалмағаны үшін асханаға кіргізбей қою фактілері де кездеседі. Бұл – мүлдем жол беруге болмайтын жағдай, – деді депутат.

Ол мектеп директорларының тамақ сапасы үшін жеке жауапкершілігін бекітуді, ата-аналар қатысатын бақылау тетіктерін енгізуді және ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды.

Жалпы, заң жобасы депутаттар тарапынан қолдау тапқанымен, бірқатар ұсыныстар мен ескертулер айтылды. Құжат алдағы уақытта Мәжілісте екінші оқылымға дайындалып, толықтырулар енгізілуі мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, егер ұсынылған нормалар толық жүзеге асса, бұл ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, білім беру сапасына да оң әсер етуі ықтимал.