Мұғалімдер қағазбастылықтан құтқарылады: Енді ұстаздар тек 5 құжат толтыруы мүмкін
Қазақстанда педагогтердің қағазбастылығын азайту үшін жаңа шаралар қолға алынбақ. Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдер жүргізуге міндетті құжаттар тізімін қысқартып, білім беру саласындағы 70-тен астам цифрлық жүйені біріктіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын орындау аясында педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайту және олардың қоғамдағы мәртебесін нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
2020 жылы №130 бұйрықпен білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізуге міндетті 25 құжаттың тізбесі бекітілген. Енді бұл тізімді беске дейін қысқарту көзделіп отыр, - деп айтты министр.
Қысқартудан кейін мұғалімдер мына құжаттарды жүргізеді деп жоспарланған:
- сабақ жоспары;
- үлгерім туралы мәліметтерді электрондық журналға енгізу;
- қосымша білім беру педагогтерінің сабақтан тыс жұмыстарын есепке алу журналы;
- сынып жетекшілерінің «Адал азамат» бағдарламасын іске асыру жоспары;
- сұраныс бойынша оқушыларға берілетін мінездеме.
Осы өзгерістерді жүзеге асыру үшін тиісті нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізіледі.
Білім беру саласындағы 70-тен астам цифрлық жүйе біріктіріледі
Министрлік орта білім беру саласындағы цифрлық жүйелердің тиімділігіне бағалау жүргізген. Оның нәтижесінде электрондық журналдар мен күнделіктерді жүргізуге, оқушылардың білімін бағалауға, мемлекеттік қызметтер көрсетуге және білім алушылардың есебін жүргізуге арналған 70-тен астам цифрлық жүйе мен сервистің қолданылатыны анықталған.
Бір өңірде орта есеппен онға жуық жүйе пайдаланылады. Бұл деректерді бірнеше рет енгізуге және педагогтердің қосымша жұмыс істеуіне әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты министрлік білім беру саласының бірыңғай цифрлық архитектурасын қалыптастыруға кірісті. Оның негізгі бөлігі Ұлттық білім беру деректер базасы болмақ.
Жоспар бойынша, қолданыстағы барлық LMS-жүйелерін осы базаға біріктіру міндеттеледі. Электрондық журналдар, білім беру платформалары, сабаққа қатысуды, тамақтануды және мектепке кіруді есепке алу жүйелері қажетті ақпаратты ортақ база арқылы алатын болады. Бұл бір мәліметті бірнеше рет енгізу қажеттілігін азайтуға бағытталған.
Мектептерде жасанды интеллект платформасы құрылады
Министрлік орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу үшін Ұлттық білім беру жасанды интеллект платформасын құруда.
Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқарту. Сонымен қатар платформа педагогтердің әкімшілік жұмысын жеңілдетуге бағытталған.
Мұғалімдерге қысым көрсету жағдайлары да қаралады
Бұдан бөлек, министрлік педагогтерге қысым көрсету, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, сондай-ақ мұғалімдер мен оқушылар арасындағы жанжалдарға қатысты жағдайларды зерделемек.
Әрбір өтінішті объективті әрі жан-жақты қарау, мектеп пен ата-аналар арасындағы өзара байланысты жақсарту және білім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыру мәселелеріне басымдық беріледі, - деп айтты Жұлдыз Сүлейменова.
Талдау нәтижелері бойынша тиісті нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру жоспарланып отыр.