Мұғалімдер оқушылардың құқықтық сауатылығы мен мәдениеті мәселесін талқылады
Астанада «Орта білім беруде білім алушылардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін қалыптастыру» атты педагогтерге арналған республикалық шеберлік сыныбы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға әр өңірден келген 70-ке жуық мұғалім қатысты.
Алтынсарин академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов республикалық іс-шараның ашылуында сөйлеген алғысөзінде қазіргі таңда орта білім беру саласында білім алушылардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін қалыптастыру өте өзекті екенін атап өтті.
Семинардың шеберлік сабағы бөлігінде Алматы қаласы Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның тарих және құқық негіздері пәнінің мұғалімі, педагог-шебер, «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы Гүлмира Асанбекова білім алушылардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру мен құқықтық мәдениетін дамыту туралы өзінің озық іс-тәжірибесін бөлісті. Оқу процесінде тиімді қолданып жүрген тәсілдерін көрсетіп, қатысушылармен кері байланыс орнатып, өз тәжірибесін ұсынды, - делінген Алтынсарин академиясының баспасөз хабарламасында.
Республикалық іс-шараны Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырды. Бұл іс-шара орта білім беру ұйымдарында құқықтық сауаттылық пен академиялық адалдық мәдениетін ілгерілетуге, құқық бұзушылықтың барлық түріне төзбеушілік қатынасты қалыптастыруға, жас ұрпақ бойында жауапты азамат құндылықтарын тәрбиелеуге, сонымен қатар «Заң және Тәртіп» қағидатын сақтауға бағытталған.
Сарапшылар жиналған кездесу барысында өзекті мәселелер талқыланып, құқық бұзушылықтардың барлық түріне төзбеушілік қатынасты қалыптастыру және жауапкершілігі жоғары азаматтың құндылықтарына сәйкес жас ұрпақты заңға құрметпен қарау және құқықтық мәдениетін қалыптастыру туралы ұсыныстар айтылды.
Сарапшылардың ұсынымдары орта білім беру саласындағы балалардың құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін Оқу-ағарту министрлігі назарына қабылданды.