Мұғалімдер мен оқушыларға қатысты салада қандай өзгеріс болды

Қазақстанда білім беру сапасын арттыруға бағытталған кешенді реформалар жалғасып жатыр. Соңғы жылдары мектептердің материалдық базасын жаңарту, мұғалімдердің жалақысын өсіру және оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту мәселелері басты назарда тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі реформа жайлы толығырақ мәлімдеді.
Жаңа мектептер мен заманауи білім беру ортасы
Елімізде жаңа мектептердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл сайын 1000-ға жуық ауыл мектебі жаңғыртылуда. Бұл қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда 4000-нан астам мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 2000-нан астам білім беру мекемесінде робототехника, химия, биология, физика және STEM бағытындағы заманауи кабинеттер ашылды. 2029 жылға дейін мектептерде кемінде 7000 жаңа пәндік кабинет жабдықталады.
Мектептерді цифрландыру да басты бағыттардың бірі. Барлық оқулықтар цифрлық форматқа көшірілді, ал мектептердің 95,2%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, жасанды интеллект элементтері білім беру жүйесіне енгізіліп жатыр.
Мұғалімдерді қолдау және жалақының өсуі
Педагогтердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында 2020 жылдан бері олардың жалақысы екі есеге артты. Біліктілік санаты бар мұғалімдерге 35%-дан 50%-ға дейін үстемеақы төленеді. Қазіргі таңда 400 мың мұғалімнің 300 мыңы осындай үстемеақылар алады.
Ауыл мұғалімдеріне ерекше қолдау көрсетіліп, олардың жалақысы қалалық әріптестерімен салыстырғанда 25%-ға жоғары белгіленді. Бұл шара ауылдық өңірлерге білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
Оқушыларды ыстық тамақпен қамту
2023 жылдың қыркүйегінен бастап бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топтағы балалар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 192 млрд теңге бөлінді.
Асхана қызметкерлеріне қойылатын талаптар күшейтіліп, оқушылардың тамақтану сапасы қатаң бақылауға алынды. Сондай-ақ, тегін тамақ алушылардың есебі автоматтандырылып, күнделікті мониторинг жүргізіліп жатыр.
2025 жылдан бастап жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік осал санаттағы балалар да осы қолдау шараларымен қамтылатын болады.