Мұғалімдер еңбегі: Жалақы өскенмен, табыс неге азайды?
Ұстаздар жалақысы: Қазақстанда педагогтардың нақты табысы үшінші жыл қатарынан азайып келеді.
Қазақстанда педагогтардың нақты жалақысы төмендеп жатыр. Номиналды өсімге қарамастан, мұғалімдердің табысы инфляция қарқынына ілесе алар емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша білім беру саласындағы орташа айлық жалақы 322,7 мың теңгені құрады. Қағаз жүзінде бұл 6,8%-дық өсім болып көрінгенімен, инфляцияны ескергендегі жағдай мүлдем бөлек: нақты табыс 4,1%-ға төмендеген.
Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сілтеме жасай отырып DataHub ұсынды. Табыстың құлдырауы баяулаудың орнына, керісінше, үдей түсуде.
Салыстырмалы түрде айтсақ, бүкіл экономика бойынша да нақты жалақы минусқа кетті, бірақ ондағы төмендеу деңгейі әлдеқайда жеңіл болды – 1,4%. Тұтастай алғанда, еңбек нарығы үшін бұл 2017 жылдан бергі алғашқы құлдырау болса, білім беру саласы үшін мұндай динамика созылмалы мәселеге айналып үлгерді, – деп атап өтеді дереккөз.
Соңғы жылдармен салыстырғанда қазіргі жағдай өте күрделі көрінеді. 2019 бен 2021 жылдар аралығында педагогтардың жалақысы қарқынды түрде – жылына орта есеппен 17,8%-ға өскен болатын. Ол кезде білім беру саласындағы өсім жалпы экономикалық көрсеткіштен екі есе дерлік жоғары еді. Қазір бұл «төзімділік қоры» таусылған сияқты.
Сонымен қатар, білім беру саласы елдегі ең ірі жұмыспен қамту секторы болып қала беретінін айта кеткен жөн.
Мұнда 1,1 млн адам немесе зерттелген кәсіпорындардағы барлық қызметкердің 29%-ы жұмыс істейді. Оның ішінде 708 мың адам мектептер мен колледждерде еңбек етеді. Дәл осы сегментте нақты жалақы тіпті көбірек, яғни 6,1%-ға төмендеп кеткен.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда медианалық көрсеткіш бойынша жалақы 340 мың теңге, ал орташа айлық жалақы 473 мың теңгеден асқаны хабарланды.
Сондай-ақ, Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев мұнай бағасы өскеннен кейін қазақстандықтардың жалақысы көтеріле ме деген сауалға жауап берген болатын.