Мұғалім мәртебесі: Заң ұстаздың лайықты бағасын беруді көздейді

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі «Жас дарын» мамандандырылған мектебі қазақ тілі пәнінің мұғалімі Сәнгүл Бекібаева «Педагог мәртебесі туралы» жөніндегі заң жобасына қатысты пікірін білдірді. 

Тәжірибелі маман жаңа заң ұстаздардың әлеуметтік мәселелерін шешуге оң септігін тигізетінін айтты.
 
«Мұғалімнің мәртебесі туралы Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын - мұғалімдікі» деуі бекер айтылмаса керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың педагог мәртебесін көтеру туралы заң жобасы мұғалімдер қауымы үшін маңызды. Менің ойымша, алдағы уақытта бізді тұрғын үй мәселесі, мұғалім балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға кезектен тыс орын беру сияқты жақсы өзгерістер күтуде. Бұл заңның қажеттілігі көптеген себепке байланысты. Мұғалім құзыреттілігін, мәртебесін арттыру – бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Ұстаздың мәртебесі қашанда жоғары болу керек», - дейді Сәнгүл Ғосманқызы.

Қазақ тілінің мұғалімі өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін мамандарға дамыған елдерде мұғалімдерге деген құрмет ерекше екенін тілге тиек етіп, заң қабылдаудың уақыты келгенін жеткізді.

«Меніңше, мұғалім мәртебесі туралы заң ұстаздың лайықты бағасын беру және құқықтық мәртебесін заң түрінде сапалы жақсартуды көздейді. Болашақта қоғам педагог мамандарды құрмет тұтатынына сенім мол. Біздің заманымыздағы жағдай өзгеше еді. Мектеп қабырғасында жүргенде әр пән қызықты өтетін. Соның бірі химия пәнінің мұғалімі Жұмагүл Шалхарқызының тәжірибе сабақтары әлі күнге дейін есімде», - дейді маман.

Сала маманының пікірі мұғалім өз пәнін «беске» білумен қатар, заман көшінен қалмауы тиіс дегенге саяды. Әр ұстаз базалық пәнді үш тілде оқытумен қатар, әрдайым ізденісте болуы керек. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау, кәсіби тұрғыдан дамуға мүмкіндіктер бар.

«Мұғалімнің еңбегіне деген көзқарас түбегейлі өзгеріп жатыр. Атап айтатын болсақ, ұстаздың кәсіби шеберлігін шыңдауға, заманауи тұрғыдағы мектептің материалдық-техникалық базасының жақсаруы, осының бәрі оқушының дарындылығының дамуына оң септігін тигізуде. Өз басым, бұл мамандықты бала кезімнен армандадым. Сол арман-қиялым мені осы мамандыққа алып келді. Бала тәрбиесі – игілікті іс. Балалармен жұмыс жасаған мені шабыттандырады. Сол шабыттың өзі қанаттандырып, үлкен жетістіктеріге жеткізеді десем қателеспеспін. «Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мүғалімнің қолында әркез сол кілт тұру керек», - деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол тауып, бала бойындағы дарындылығын аша отырып, үлкен жетістіктерге жетелеген ұстаздарымыз аз емес», - дейді Сәнгүл Ғосманқызы.

Сәнгүл Ғосманқызының айтуынша, жаңа заңда мұғалімдердің 30 жылдық еңбек өтілімен ерте зейнеткерлікке шығу және тұрғын үймен қамту сияқты мәселелерді шешуге жол ашады. Сондықтан, оған артылар үміт зор.

Айта кетейік, өткен жылы Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында үкіметке мұғалім мәртебесі туралы заң жобасын дайындауды тапсырды.

Ал Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Сенатта өткен Үкімет сағатында аталған заң жобасының дайындала бастағанын мәлімдеген.

 

Ақмаржан Әділбек

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы