"Мұғалім Talks": Қошанов жасанды интеллект дәуіріндегі білім беру бағыттарын атады
Астанада «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Мұғалім Talks» кейс-платформасының екінші отырысына еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам педагог, ғалым және сарапшы қатысты. Биылғы жиынның басты тақырыбы – жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің рөлі мен білім беру саласындағы инновация болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәжіліс төрағасы, партия төрағасы Ерлан Қошанов мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтап, педагогтардың қоғам мен ел дамуындағы тарихи миссиясына тоқталды. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясының ең сенімді тірегі – ұстаздар қауымы, себебі елдегі 600 мың мұғалімнің 260 мыңға жуығы партия мүшелері.
Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. Керісінше, оны артық жүктемеден босатып, басты міндетіне – оқушыға білім беру мен тәрбие ісіне барынша көңіл бөлуіне жағдай жасауы керек, – деді Ерлан Қошанов.
Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық елге айналдыру міндеті білім беру жүйесіне жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ партия төрағасы мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту, қауіпсіздігін арттыру және педагогтарға тән емес міндеттерден босату қажеттігін айтты.
Іс-шарада жасанды интеллектті оқу процесіне енгізудің үздік тәжірибелері де таныстырылды.
• Түркістан облысының мұғалімі Әмәлият Арқалық педагогтарды артық есептіліктен босату үшін цифрлық құралдарды ұсынды;
• Ақмола облысынан Ольга Давыдова тарих сабағында STEM мен ЖИ әдістерін қолдану арқылы оқытуды жандандырып жүргенін айтты;
• Атыраулық Ибраһим Бақдәулетұлы оқушыларды олимпиадаға дайындауда ЖИ технологиясын қалай пайдаланатынымен бөлісті.
Сонымен қатар ұстаздарға тегін курстар мен цифрлық әдістемелік платформа, алғашқы пед-хакатон және шетелдік тағылымдамалар бағдарламасы іске қосылатыны хабарланды.
Жиын соңында ерекше көзге түскен педагогтарға «AMANAT» партиясының «Ұстаз – ұлт айнасы» наградасы және министрліктің ведомстволық марапаттары табысталды.