Мұғалім өзіне қатысы жоқ оқиғалар үшін жауап бермеуі керек – Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Президенттің тамыз кеңесінде мұғалімдердің құқығына қатысты айтқан тапсырмасына пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дәстүрлі тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы мұғалімдердің құқықтарын қорғаудың маңыздылығына тағы да ерекше тоқталып, прокуратураға жергілікті билік 2019 жылдан бері қолданыстағы, педагогтерді өздеріне тән емес жұмыстардан босататын және олардың құқықтарын қорғайтын заң нормаларын бұзған жағдайларды тоқтатуды тапсырған болатын.

Аймағамбетов аймақтардағы өрескел фактілерді мысалға келтірді. Жазда мұғалімдерді су қоймаларының қасында кезекшілікке қою, мектеп бітіру кештері өткен мейрамханаларда кезекшілікке шығару немесе қалалық шыршаларды безендіруге жіберу. Депутат бұл заңды өрекел бұзу болып есептелетінін ескертті.

Әдеттегідей Мемлекет басшысы педагогтердің қорғаны болды. Тағы айта кететін мәселе – педагогтердің, мектептің және ата-аналардың жауапкершілігін нақты ажырату. Бірнеше жыл бұрын біз арнайы заңға мектеп пен ата-ана арасында әр тараптың құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілетін шарт жасау нормасын енгіздік. Алайда барлық мектеп бұл тетікті тиімді пайдаланып отырған жоқ, соның салдарынан көбіне “кінәлі” етіп мектепті шығарады. Шын мәнінде, егер жасөспірім сабақтан тыс уақытта құқық бұзушылық жасаса, директорды немесе сынып жетекшісін жұмыстан босату – әділетсіз әрі заңсыз, - деді Асхат Аймағамбетов.

Оның сөзінше, депутаттар дәл бұл қағидатты одан да нақтырақ бекіту үшін арнайы түзетулер дайындаған. Депутат атап өткендей, мектеп сабақтан тыс уақытта болған оқиғаларға емес, тек өз құзыретіне кіретін мәселелерге ғана жауап беруі керек. 

Президент әрқашан педагогтер мен мектептерге толық қолдау көрсетіп, әділетті ұстанымды талап етеді. Педагог өзіне қатысы жоқ оқиғалар үшін жауап бермеуі тиіс. Бүгін Мемлекет басшысы осы мәселе бойынша нақты тапсырма берді. Бұл – тек әділет мәселесі ғана емес, сонымен бірге мұғалімнің мотивациясын, беделін және ел дамуын сақтау мәселесі. Былтыр біз, депутаттар, мұғалімдердің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізген едік. Ол кезде қорытындыда бұл нормаларымыз қолдау таппады. Бірақ бүгін Президенттің тапсырмасынан кейін мұндай өзгерістер қабылданатынына сенімдімін, - деп айтты депутат.

Мемлекет басшысы педагогтердің құқықтарын жүйелі түрде қорғап, білім беруді дамыту үшін барлық жағдайды жасап келеді.

Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев "Педагог мәртебесі туралы" заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды. Президент балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін де мұғалімді жазалау орынсыз деп санайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: - архив/ Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы