Мұғалім мен ЖИ: Сабақта қандай құралды қолдануға тыйым бар?
Астана қаласындағы №101 мектепте жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын оқу процесіне енгізу белсенді түрде жалғасып жатыр. Бұл туралы мектеп директорының цифрландыру ісі жөніндегі орынбасары Айтжан Әбілмажинов айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біздің мектепте жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Былтыр сабақтардың шамамен 20 пайызы осы технология арқылы өтті. Ал биыл Ы. Алтынсарин атындағы Білім академиясының ғылыми-әдістемелік қолдауымен бұл көрсеткіш 30-35 пайызға дейін өсті, – дейді ол.
Академияның қолдауымен мектепте үш пилоттық жоба іске қосылған. Олардың бірі – Roqed AI платформасы. Бұл жүйе пәндерді 3D модельдер арқылы визуализациялауға мүмкіндік береді және қазақ тілі, орыс тілі сияқты гуманитарлық бағыттағы сабақтарда да қолданылады.
Сонымен қатар Google Workspace жүйесі арқылы оқушылардың онлайн жұмыс істеу дағдылары дамытылуда.
Google Workspace бізге оқушылардың іздеу мүмкіндіктерін шектеуге, яғни тек оқу процесіне қатысты материалдарға рұқсат беруге мүмкіндік береді. Бұл – цифрлық қауіпсіздік пен оқу тәртібін сақтау үшін маңызды тетік, – дейді Әбілмажинов.
Мектепте енді енгізіліп жатқан тағы бір құрал – AQYL жүйесі. Ол цифрлық оқулықтарды талдап, оқушының қай тақырыпқа көбірек көңіл бөлгенін анықтайды. Жиналған деректер болашақта жеке оқыту стратегиясын құруға көмектеседі.
ЖИ технологияларын қолдану кезінде этикалық нормалар мен қағидалар да қатаң сақталады. Ы. Алтынсарин академиясы мұғалімдерге арналған арнайы ережелер пакетін әзірлеген. Онда тарихи тұлғалардың бейнесін қолдану, шектеулі дереккөздер мен авторлық құқыққа қатысты талаптар нақты көрсетілген.
Жасанды интеллект – мұғалімнің орнын басатын құрал емес. Ол – оқыту әдістерін жетілдіріп, білім беруді жеңілдетуге арналған көмекші тетік, – дейді мектеп өкілі.
Былтыр мектептің 212 мұғалімі “Өрлеу” орталығы ұйымдастырған жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Қазіргі таңда әр педагог өз сабағында Roqed AI, Google Workspace және Gemini сияқты цифрлық құралдарды пайдаланады.
Бүгінде жасанды интеллектке қолжетімділік 5–11 сынып оқушыларына берілген. Ал бастауыш сыныптар topiq.kz платформасымен жұмыс істейді.
№101 мектепте қазір 3900 оқушы білім алады, оларға 212 мұғалім сабақ береді.