26 Қараша 2026, 15:52 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мұғалім мен педагог-ассистенттің жалақысы қалай есептеледі?

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова депутаттардың сауалына берген жауабында педагог-ассистенттердің еңбек міндеттері мен жалақысын есептеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрліктің мәліметінше, педагог-ассистенттің негізгі міндеті – ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыны сүйемелдеу. Ол оқу процесіне қатысуына көмектеседі, ұйымдастырылған оқу қызметі кезінде қолдау көрсетеді, мінез-құлқындағы қиындықтардың алдын алуға және дербестігін дамытуға ықпал етеді.

Алайда педагог-ассистент пән мұғалімі сияқты сабақ өткізбейді, оқу пәндерін оқытпайды және оқу бағдарламаларын іске асырмайды.

Ал педагог-пән мұғалімі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес оқыту мен тәрбиелеуді жүзеге асырады. Оның міндетіне сабақ жоспарларын әзірлеу, аралық және жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыру, оқушылардың білімін бағалау және нәтижелерін талдау кіреді.

Осыған байланысты министрлік педагог-ассистент пен пән мұғалімінің функционалдық міндеттері, жұмыс сипаты мен жауапкершілік деңгейі әртүрлі екенін атап өтті.

Педагог-ассистенттің жүктемесі қалай анықталады?

Министрліктің түсіндіруінше, педагог-ассистенттің жұмыс көлемі пән мұғалімдері сияқты апталық оқу жүктемесінің сағат санымен өлшенбейді. Ол қызметкерге жүктелген міндеттер мен белгіленген жұмыс уақыты режиміне қарай айқындалады.

Ал нормативтік оқу жүктемесі оқу бағдарламаларын іске асыратын педагогтерге қолданылады. «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес, орта білім беру ұйымдары педагогтерінің нормативтік оқу жүктемесі аптасына 16 сағатты құрайды.

Пән мұғалімдерінің айлық жалақысы нақты апталық жүктемесіне қарай есептеледі. Ол лауазымдық айлықақыны нақты оқу жүктемесіне көбейтіп, шыққан нәтижені заңда белгіленген нормативтік оқу жүктемесіне бөлу арқылы анықталады.

Ал жұмыс көлемі оқу жүктемесімен өлшенбейтін педагогтердің, соның ішінде педагог-ассистенттердің жалақысы белгіленген лауазымдық айлықақы негізінде есептеледі.

Педагог-ассистенттерге қандай қосымша ақы төленеді?

Қолданыстағы еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес, педагог-ассистенттерге біліктілік санатына қарай лауазымдық айлықақысының 30-дан 50 пайызына дейін қосымша ақы қарастырылған, - деді министр жауабында.

Бұдан бөлек, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істегені үшін базалық лауазымдық айлықақының 40 пайызы мөлшерінде қосымша ақы, сондай-ақ ерекше еңбек жағдайлары үшін лауазымдық айлықақының 10 пайызы мөлшерінде үстемеақы төленеді.

Министрлік педагог-ассистенттердің еңбекақысын есептеу кезінде олардың қызметтік міндеттерінің ерекшелігін, педагогикалық жүктемесінің жоқтығын және ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды сүйемелдеу сипатын ескеру қажет екенін атап өтті.