Мұғалім мектеп кабинетін өзі жөндеуге міндетті ме?

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептерде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл кезеңде мұғалімдерге оқу кабинеттерін тазалау, бояу, жөндеу сияқты шаруалар жиі тапсырылып жатады. Алайда заң бойынша, пән мұғалімі оқу кабинетін өз қаражатына жөндеуге міндетті емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, педагог оқу кабинетінің жөндеуін өз қаражатына жасауға міндетті емес.

Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті де мұндай әрекет заңсыз екенін ескертеді.

"Педагог мәртебесі туралы" заң бойынша, мұғалімді өз міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға болмайды. Ал егер ондай міндет жүктелсе, бұл заң бұзушылық болып саналады және "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекс бойынша жауапкершілікке тартылады, – делінген ресми хабарламада.

Заң не дейді?

"Педагог мәртебесі туралы" заңда мұғалімнің міндеттері нақты көрсетілген.

6-бапта не жазылған?

6-бап. Педагогтің кәсіптік қызметін қамтамасыз ету

1. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс беруші педагогке ол кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін жағдайды қамтамасыз етеді.

2. Педагог кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде:

1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға;

2) одан Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыруға;

3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерулер жүргізуге;

4) оған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді.

3. Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін олар кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға жол берілмейді.

Яғни, мемлекет пен мектеп әкімшілігі мұғалімге жұмыс істеуге қажетті жағдай жасауға міндетті. Бұл – оқу кабинетін жөндеу, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сияқты нәрселерді де қамтиды. Оны кәсіби міндетіне кірмейтін жұмыстарға, заңда көрсетілмеген есеп тапсыруға, тексеріске немесе тауар алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады.

Мұғалімге жүктелмеуі тиіс нәрселер:

  • Кабинетті жөндеу (есік-терезе, еден, төбе, бояу, сылақ жұмыстары);
  • Мектеп жиһазын өз қаражатына алу (парта, шкаф, тақта);
  • Құрал-сайманды (биология, химия, физика) жеке қаржысымен сатып алу;
  • Өз есебінен перде, тюль, гүл, қоқыс шелегін алу.

Егер мұғалімге қысым жасалып, жөндеуді мәжбүрлі түрде жүктесе, не істеу керек?

  1. Мектеп директорына ресми түрде жазбаша өтініш беруге болады (шығынды бюджеттен өтеу немесе жауапкершілікті нақтылау мақсатында).
  2. Білім басқармасына немесе Оқу-ағарту министрлігінің 1450 бірыңғай байланыс орталығына шағымдануға құқылы.
  3. Педагогикалық кәсіподаққа жүгініп, заңдық қорғау сұрауға болады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы