5 Қазан 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Мұғалім мәртебесі, жалақы және жасанды интеллект: Қазақстанның білім саласындағы негізгі өзгерістер

5 қазан – Қазақстанда Мұғалімдер күні аталып өтеді. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Оның 420 мыңға жуығы мектептерде, 100 мыңнан астамы мектепке дейінгі ұйымдарда, ал 43 мыңға жуығы колледждерде жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің редакциямыздың сауалына берген жауабында айтылғандай, педагогтердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге бағытталған жүйелі өзгерістер 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануынан басталды. Ал 2026 жылғы маусымда мұғалім мәртебесін одан әрі нығайтуға бағытталған түзетулер қабылданды.

Мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті

Педагогтерді қолдау шараларының бірі – еңбекақыны арттыру. 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті. Сонымен қатар еңбекақыны есептеу кезінде педагогтің біліктілігі, еңбек өтілі, жұмыс жағдайы, тәлімгерлігі және кәсіби жетістіктері ескеріледі.

Ауыл мұғалімдеріне де қосымша қолдау қарастырылған. Ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы қаладағы ұқсас лауазымдардағы мамандарға қарағанда кемінде 25%-ға жоғары белгіленеді.

Министрлік педагогтерді кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартпау және артық әкімшілік жүктемені азайту мәселесіне де басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Бұл мұғалімнің негізгі уақытын сабаққа дайындалуға, оқушылармен жұмыс істеуге және кәсіби дамуына жұмсауына мүмкіндік береді.

Жас мамандарды тартуға басымдық беріліп келеді

2025-2026 оқу жылында Қазақстанның білім беру ұйымдарына 10 мыңнан астам жас маман жұмысқа орналасты. Олардың арасында «Алтын белгі» иегері атанған 2 мыңнан астам түлек бар. Бұл 2025 жылғы «Алтын белгі» иегерлерінің жалпы санының шамамен 23%-ын құрайды.

Педагогикалық мамандықтарға қызығушылықты арттыру үшін студенттерге де қолдау көрсетіледі. Соңғы бес жылда педагогикалық бағыттарда білім алатын студенттердің стипендиясы екі есеге өсіп, 2025-2026 оқу жылының басынан бері 84 мың теңгені құрады.

Білім беру саласындағы кадрлық резервті қалыптастыруға да көңіл бөлініп отыр. 2023-2026 жылдары «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында 983 педагог кадрлық резервке енгізілді.

Үздік ұстаздарға мемлекеттік деңгейде қолдау бар

Педагогтердің кәсіби жетістіктерін ынталандыру тетіктері де қарастырылған. Атап айтқанда, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындаған мұғалімдерге ақшалай сыйақы беріледі.

Ұстаз еңбегін қоғамдық тұрғыдан мойындаудың тағы бір тетігі – мемлекеттік наградалар. Қазақстанда білім беру саласындағы үздік жетістіктері мен ел алдындағы ерекше еңбегі үшін берілетін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы бар. Бүгінде бұл атаққа 103 педагог ие болған.

Сонымен қатар педагогтер «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен, «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталады.

Білім беру инфрақұрылымына 6,4 трлн теңге бағытталды

Педагогтерді қолдау білім беру ортасын жаңғыртумен қатар жүргізіліп келеді. Соңғы жеті жылда білім беру саласын қаржыландыру үш есеге артып, 6,4 трлн теңгеге жетті.

Соңғы бес жылда Қазақстанда 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1120 мектеп салынды. Бұл оқушы орындарының тапшылығын азайтуға және білім беру процесін жақсартуға бағытталған.

Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға да басымдық берілді. Осы кезеңде 5 мыңнан астам ауыл мектебінің базасы жаңартылып, 7 мыңнан астам заманауи пән кабинеті жабдықталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 жаңа мектеп салынды. Алдағы үш жылда бұл білім ордалары озық оқыту әдістерін сынақтан өткізу орталықтарына айналуы тиіс.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде үш ауысымды мектептердің саны бес есеге, апатты мектептердің саны екі есеге, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы төрт есеге қысқарған.

340 мыңнан астам педагог жасанды интеллект бойынша оқудан өтті

Білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары да жалғасып жатыр. Министрлік бұл технологияны мұғалімді алмастыратын құрал емес, оның кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтетін технология ретінде қолдануға басымдық берілетінін атап өтті.

2026 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 62 273 педагогті біліктілікті арттыру курстарымен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда оның 49 858-і оқудан өткен. Бұл жоспардың 80,1%-ына тең.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағытында жоспар 100%-ға орындалса, пәндік бағыт бойынша көрсеткіш 86,8%-ды құрады. «Қаржылық сауаттылық негіздері» курсы бойынша жыл соңына дейін 3430 педагогті оқыту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 697 мұғалім осы курстан өткен.

Сонымен қатар педагогтердің жасанды интеллектіні қолдану бойынша біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазірдің өзінде 340 мыңнан астам педагог ЖИ құралдарын пайдалану бағытында оқудан өтті. Жыл соңына дейін тағы 100 мыңға жуық мұғалімді қамту жоспарланған.

Министрлік педагогтерді цифрлық технологияларға даярлау кезінде негізгі шешім қабылдаушы тұлға мұғалім болып қала беретінін атап өтті. Яғни педагог оқу мақсатын айқындайды, оқу материалдарының мазмұнын бағалайды және оқушылардың қажеттіліктеріне қарай жұмыс тәсілдерін таңдайды.

Осылайша, мұғалімдерді қолдау жүйесі еңбекақыны арттыру мен әлеуметтік кепілдіктерден бастап, кәсіби дамуға, жас мамандарды тартуға, үздік ұстаздарды ынталандыруға және заманауи технологияларды меңгеруге дейінгі бағыттарды қамтып отыр.