Бүгiн 2026, 13:06 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Мұғалім ешқашан лимузин жалдаңдар демейді – Аймағамбетов түлектер кеші туралы

Депутат ата-аналардың жауапкершілігін еске салды

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп түлектерінің қоштасу кешін өткізуіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аймағамбетов бұған дейін бұл мәселе бірнеше рет көтерілгенін айтты. Ол бұрынғы білім министрлері Шәмшидинова, Сағадиев және қазіргі министр мен өзі ведомствоны басқарған кезеңде де тиісті шешімдер қабылданғанын еске салды.

Басты мәселе – сол шешімдердің нақты орындалуында. Бұл – жыл сайын көтерілетін тақырып. Оны зерттеп қарасаңыздар, қандай бұйрықтар қабылданды, қандай нәтиже болды деген сұрақ туындайды. Нәтиже болған жоқ деп айтуға болады, – деді ол.

Аймағамбетов атап өткендей, бастысы – мұғалімдерді міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартпау.

Ертең кештерді өткізбесін деген талап қойылғанда, ең бастысы – мұғалімдерді соған жегіп қоймауымыз керек. Бұрын біз осы мәселемен күрестік. Өйткені қалыптасқан тәжірибе болды: мұғалімдерді тойханаға барып бақылауға дейін жұмсайтын жағдайлар кездесетін. мұндай шараларды ұйымдастыру – мұғалімнің міндеті емес. Мұғалім түнгі 00-де, 2-де тойхананы күзетіп жүруге тиісті емес. Бұл – оның қызметтік міндетіне кірмейді, – деді депутат.

Депутат мұндай жағдайда жауапкершілікті ата-аналар өз мойнына алуы керек екенін ескертті.

Баланы 11-сыныпты бітіргеннен кейін мектепке, мұғалімге барлық жауапкершілікті арта салуға болмайды. Ата-ана баласына жауапты. Неге мұғалім түнгі уақытта жауап беруі керек? – деді ол.

Сонымен қатар, ол мұғалімдер ешқашан қымбат той өткізуге немесе ысырапшылдыққа итермелемейтінін айтты.

Мұғалім ешқашан лимузин жалдаңдар, үлкен тойхана алыңдар деп айтпайды. Керісінше, мектеп қабырғасында қарапайым форматта өткізуге тырысады. Мәселе – ата-аналардың өз шешімінде, – деді депутат.

Еске салайық, бұған дейін министрлікте мектеп бітіру кештеріне ақша жинауға қатаң тыйым салынғанын айтты.