Мұғалім еңбек демалысы туралы не білуі керек
Қазақстан мұғалімдері үшін ең маңызды әлеуметтік кепілдіктердің бірі — жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бұл демалыс барлық педагогке 56 күнтізбелік күн көлемінде беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Екі түрлі демалыс: негізгі және қосымша
Педагогтерге екі түрлі еңбек демалысы қарастырылған:
- Негізгі демалыс — барлық педагогтер үшін ортақ.
- Қосымша демалыс — ерекше аумақтарда (экологиялық жағдайы қолайсыз немесе радиациялық қауіпті) жұмыс істейтін мұғалімдерге арналған.
Экологиялық қолайсыз аумақта еңбек ететін ұстаздарға қосымша 7–12 күн, ал радиациялық қауіп жоғары аумақтағы педагогтерге 5–14 күн аралығында қосымша демалыс беріледі. Айта кету керек, демалыс уақытына сәйкес келген мереке күндері еңбек демалысы ретінде есептелмейді. Демалыс есептегенде тек нақты жұмыс істеген уақыт ескеріледі.
Сауықтыру жәрдемақысы қалай есептеледі?
Бюджеттік жоспарлау департаментінің Еңбекақы төлеу әдіснамасы басқармасының басшысы Гүлайым Тоқпанованың айтуынша, еңбек демалысын рәсімдеген педагогтерге лауазымдық жалақы көлемінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді. Бұл сома нақты демалыс берілген күнгі жүктемеге байланысты есептеледі. Жәрдемақыны есептеу кезінде үстемеақы мен қосымша төлемдер ескерілмейді.
Толық емес жұмыс күніне ауысқан педагогтер де толық көлемде демалыс алуға құқылы — жұмыс уақытының қысқаруы демалыс ұзақтығына әсер етпейді.
Қосымша жұмыс қалай ескеріледі?
Егер педагог негізгі жұмысынан босатылмай тұрып қосымша қызметкердің міндетін атқарса, бұл — қатар атқару болып есептеледі. Мұндай жағдайда сауықтыру жәрдемақысы тек негізгі лауазымы бойынша төленеді. Ал егер қосымша жұмыс жеке еңбек шартымен, яғни бос уақытында орындалса, жәрдемақы екі лауазым бойынша бөлек-бөлек төленуі тиіс.
Білім беру ұйымдарына ескерту
Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарына педагогтердің еңбек құқықтарын қатаң сақтауды, демалысты уақытылы беруді және барлық жәрдемақыны толық төлеуді міндеттейді. Бұл талаптардың орындалуына әрбір мектеп пен білім беру мекемесі дербес жауапты.
Бұған дейін еңбек демалысы қалай есептелетіні және оған қатысты төлем қалай жүргізілетіні жайлы жазған болатынбыз.