Мұғалім ең тартымды мамандықтың біріне айналды – Аймағамбетов
Мұғалім ең тартымды мамандықтың біріне айналды. Бұл туралы AMANAT» партиясының кезектен тыс съезінде экс-министр Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алғашқы қызметімде әлеуметтік желілерде белсенді болдым. Жазбаларда түрлі пікірлер жазыла бастады. Пікірлердің басты мазмұны - «баяғы жартас сол жартас» деген. Сенім болмады. Осыдан кейін ұстаздардың мәртебесі туралы заң қабылдауға келдік. Оған да сенім болмады. Бірақ Мемлеке басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы мен қолдауының арқасында нәтижелі заңға айналды. Ұстаздардың жалақысын көтереміз дедік. Бірақ Үкімет, Қаржы министрлігі «мұғалімдердің жалақысын 8-10 жылда көтереміз, себебі ақша жетпейді» деді. Кейін Президент тамыз конференциясына қатысып, Үкіметтің ұсынған 8-10 жыл емес, 4 жыл деп айтты, - дейді Асхат Аймағамбетов жиында.
Сөзінше, тамыз конференциясынан кейін Тоқаев Аймағамбетовке мұғалімдердің жалақысын 4 жылдың ішінде жыл сайын 25 пайызға көтеру керегін тапсырған.
Осы шешімдердің арқасында мұғалімдердің жалақысы бүгінгі күнге дейін 2,5 есеге өсті. Ұстаздарды өзіне тән емес әртүрлі жұмыстардан арылттық. – деп айтты ол.
Экс-министр қандай жиын болса да, ұстаздар жұмысқа тартылатынын еске салды.
Қазіргі уақытта ұстаздардың мамандығы тартымды мамандықтың біріне айналды. Бұл мамандыққа үздік түлектер бармайтын. Ал қазір керісінше, ҰБТ-ның орташа балы 100 ұпайға жетіп қалды. Ертең мектептерімізге өте мықты, сауатты мұғалімдер келеді. Міне, өзгерістер осыдан басталады, - деді Аймағамбетов.