Мұғалім деген кім немесе ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр мұғалімдерінің айырмашылығы неде?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ы.Алтынсарин атамыз «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп атап кеткендей, ұстаз – ол ұлы тұлға. Өздеріңіз білетіндей, елімізде қазанның алғашқы жексенбісінде Мұғалімдер күні аталып өтеді.

Жалпы елімізде мұғалімдердің еңбегі ерекше бағаланады. Ол үшін арнайы «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң да қабылданды. Мерекеге орай, ұлағатты ұстаздардан мұғалім деген кім, қазіргі ұрпақты тәрбиелейтін мұғалім мен оларды тәрбиелеген мұғалімдердің айырмашылығы неде екенін сұрап білдік.

Мектепті өркендету, сапасын арттыру мұғалімге байланысты

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Руханият» КММ-нің қазақ тілі оқытушысы Айман Сейдахметова:

Расында, мұғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жандар. «Мұғалім мамандығы - барлық мамандықтың анасы» деп қалай дәл тауып айтқан. Шынында да ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие-білім – әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық. Ғалым да, батыр да, ақын да, диқан да, шопан да, бәрі – ұстаздан білім, тәлім алған, сол себепті ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Бұрынғы дәстүрлі оқыту түрін ұстанушы, сіз бен бізге сабақ берген білімді де беделді мұғалім бейнесін бүгінгі мұғалімдерден іздейміз. Әлі де қатал тәртіпке бағынған сыныпта оқыған балалар озық білім алады деп сенеміз. Жаңартылған бағдарлама, білім беруге жаңашыл көзқарас мұғалімнен жалаң жаттатқызуды ғана емес, берілген білімді талқылауды, өмірге жаратуды талап етеді. Заман өзгерген сайын білім беруге жүктелетін міндеттер де өзгере бермек. Алайда бұл міндеттер жақсы мұғалім бейнесіне көлеңке түсірмей, керісінше ашуы тиіс. Бұрын да, қазір де жақсы мұғалімнің жанынан әрқашан үздік оқушылар табылады.


Жақсы мұғалімнің алдын көрген оқушылар есейгенде өмірден өз жолдарын тауып, табысты адамдарға айналмақ. Кәсібіне адал адам оқудан, өзін-өзі жетілдіруден бір тынбайды, оның сабағында бүгінгі күннің жаңалығы бар, қазіргі заманның лебі есіп тұрады. Бұрынғы жақсы мұғалім өзінің өмірге деген жағымды көзқарасымен, ашық-жарқын мінезімен балалардың жүрегіне жол тауып, болашаққа деген сенімдерін нығайтып, жақсы істерге, бастаушы ниеттеріне жол аша білді.

Ал заманауи мұғалім оқушының қызығушылығын анықтап, оқуға жұмылдырады, оқушыларға зерттеу құралдарын беріп, оны қолдануды үйретеді. Сыныптағы әрбір оқушының қабілеттерін ескере отырып, сараланған тапсырма береді, олардың әрқайсысының шығармашылық өсуін, білімін жетілдірудің жеке жүйесін жасайды. Заманға сай мектептің оқушылары үздіксіз ізденісте жүріп, материалды түйсініп, зерттеу дағдысын үйренулері керек. Ақпаратты іздеу, талдау, жүйелеу ең бастысы сауатты түрде мазмұндай білу қажет. Бүгінгінің мектебі – өзара сенім, толеранттылық мектебі, баланың тұлғалық дамуын қолдайтын, салауатты, қауіпсіз өмір салтын қалыптастырушы мектеп болуы тиіс. Осындай мектепті қалыптастырушы - заманауи мұғалім, - дейді ол.

Бірақ бұрынғы және қазіргі мұғалім деп бөле алмаймыз. М. Жұмабаевтың «Қазақтың тағдыры, келешегі, ел болуы да мектебінің қандай негізде болуына барып тіреледі» деген пікірі сол заманға сай айтылған. Әр елдің болашағы мектебінен басталары анық. Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесі педагогика ғылымы мен озат тәжірибелердің басты бағыты болары даусыз. XXI ғасыр мектебін көптеген қиындық, кедергіге қарамай, өркендету, оның сапасын арттыру мейлі қай дәуірдің болсын, мұғалім атаулыға байланысты деп ойлаймын, - деп пікірін білдірді мұғалім.

Мұғалім – білімділіктің, мәдениеттіліктің, жаңашылдықтың символы

Талдықорған қаласындағы Б.Сырттанұлы атындағы №25 орта мектептің директоры Айман Қабдығалиева:

«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай, мен мұғалімді үлкен білімділіктің, мәдениеттіліктің, жаңашылдықтың символы деп білемін. Бұл мамандық иесі әрқашан үлкен құрметке лайық тұлға. Себебі адам баласы өмірге келген соң өз орнын өмірден адаспай табу үшін ең алдымен тәрбие мен білім қажет екені сөзсіз. Осы қатар ұғымды бала бойына дарыту - ұстаздар қауымының еншісінде. Сондықтан болашағымызды тәрбиелейтін мұғалім – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Осы тұста Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», - деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланса, ұстаздан шәкірт озып жатса, жылдар бойы төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?! Ұстаз үшін одан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын, - дейді ұстаз.


Қазіргі ұрпақты тәрбиелейтін мұғалім мен өзін тәрбиелеген мұғалімдердің айырмашылығы туралы да айта кетті.

Әрине, ол заман мен қазіргі уақытты салыстыру мүмкін емес. Бізді тәрбиелеген мұғалімдерде еркіндік болды деп айтар едім. Тәрбиенің мықты мектебі сол кісілердің мектебі. Себебі тәрбиенің қатал әдістерін қолданса да, ата-ана, оқушы тарапынан еш реніш болмайтын. Солай болу керек деп қабылдайтын. Сондай тәрбиені көріп өскен сол кезеңнің ұрпақтары – бүгінгі күні ел тізгінін ұстап жүрген азаматтар мен азаматшалар. Ал қазір ше? Қазіргі ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімде бәрі шектеулі. Бала тәрбиелеу жолында бүгінгі мұғалімдерге ең бірінші, үлкен сабырлық, ұстамдылық қасиеттері керек. Бүгінгі күннің балалары - әлеуметтік желі, интернет желісі, қашықтан оқу, пандемия кезеңін басынан кешіріп жатқан ұрпақ. Зейіндері тұрақсыз, есте сақтау қабілеттері де қанағаттанарлық деңгейде емес. Мұғалімдерге де оңай тиіп жатқан жоқ. Аянбай бар білгендерін үйретіп жатыр. Сондықтан осы жағдай тұрақталса екен деген тілек те жоқ емес, - деді Айман Қабдығалиева.

Сөз соңында өазіргі ұрпақты тәрбиелейтін мұғалім мен біздерді тәрбиелеген мұғалімдердің айырмашылығы - тез өзгеретін бүгінгі күннің ағымына ілесе алуында екенін айтты. «Егер болашақтың өзгеруін қаласаң, өзің қазіргі сәттің өзгерісі бол», - деп Ганди айтқандай, ағысы күшті қоғамның талабына сай болу – әр ұстаздың міндеті.

Мұғалім әлемді өркендетуге үлес қосуға дайын, зияткер тұлғаны тәрбиелеуі керек

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің физика пәні мұғалімі Назгүл Қажкен:

Мұғалім - бағыт беруші, білімді, икемді, шебер, ізденімпаз, білім беру методологиясын меңгерген шығармашыл тұлға. Бүгінгі ұстаз адамгершілік құндылықтары қалыптасқан, өз елінің мәдениетін бағалай білетін және өзгелердің мәдениетін құрметтейтін, өмір бойы білім ала отырып, әлемді өркендетуге үлес қосуға дайын, дені сау, зияткер, шығармашыл, табысты тұлғаны тәрбиелеуі керек, - дейді жас маман.

Айтуынша, қазіргі заман технологиялық, психологиялық, қоғамдық өзгермелі екенін ескерген жөн.

Бізді «баланың сүйегі біздікі, еті сіздікі» деп мектепке беретін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы, PhD докторы Жанат Сәрсенбай:

Мұғалім – ол ұлы мамандық иесі. Қазіргі күні ұстаз, мұғалім деп жатамыз, дегенмен бұл сөздердің аса айырмашылығы жоқ. А.Байтұрсынұлы «бір әріп үйреткен адамға 40 жыл қарыз боласың» деп айтып кеткендей, ұстаз - баланың бағбаны. Мұғалім – мәртебелі де, мерейлі мамандық. Өйткені мұғалімнен сабақ алмайтын, мектеп табылдырығын аттамайтын адам болмайды. Ғалым да, шахтер де, президент те мұғалімнің алдынан өтіп, білім алады, жетіледі. Ұстаздық – ол барлық мамандықтың анасы. Ұстаз - батылдықты да, батырлықты да баланың бойына сіңіреді. Оның құлаққа жағымды жылы дауысы, мейірімді жүзі, тіпті жүріс-тұрысынан сөйлеген сөзіне дейін жақын балаймыз. Кейде мұғалімге қарап пәнді таңдап, оны сүйсіне оқығанымыз, сол ғылымға ерекше көңіл бөлгеніміздің өзі ұстаздың арқасында деп білемін, - деп айтты Жанат Сәрсенбай.

Ол екі заманның ұстаздарының айырмашылығына тоқтала кетті.

Бізді оқытқан мұғалім мен қазіргі баланы оқытатын мұғалімдердің айырмашылығы жоқ деп айта алмаймыз. Айырмашылығы бар. Менің ата-анамды, мені оқытқанда «баланың сүйегі біздікі, еті сіздікі» деп мектепке беретін. Сондықтан ол кезде мұғалімге қарсы сөз айту немесе мұғалімнің айтқанын тыңдамау болмайтын. Мұғалімнің айтқаны бізге заң, тәртіп болатын. Соңғы 30 жылда мұғалімдердің мәртебесі көтеріліп жатыр. Бұл өте қуанышты жағдай. Себебі мектептегі мұғалім баланың адам болып қалыптасуына негізгі кірпішті қалайды. Мұнда жауапкершілік көп. Университетте мұғалім болу әлдеқайда жеңілірек, өйткені олар баланы мамандық иесі ретінде ғана тәрбиелейді. Ал мектеп қабырғасында жүрген мұғалімдердің жұмысы орасан зор, - деп пікірін білдірді ол.

Қазіргі таңдағы мұғалімдердің ерекшелігі – баланың заманауи, яғни бәсекеге қабілетті ету үшін жан-жақты болуына септігін тигізіп жатқан маман. Қазіргі күні келешек ұрпақтың саналы да, сапалы тәрбие алуы мұғалімге тікелей байланысты болып тұр. Өмірдің заңы – алға ұмтылу, озу.


Жанат Сәрсенбай өзінің анасы да мұғалім екенін айта кетті. Анасының білім саласында қызмет етіп жүргеніне шамамен 30 жыл болды.

Ол кісі арқылы мұғалім мамандығының қандай қиын екенін көріп өстік. Бала кезімізде анам үйге көп дәптерді алып келіп, оны түні бойы тексеретін, ертесіне оны қайтадан жұмысқа арқалап баратын. Мұғалім баланың оқу үлгеріміне, одан бөлек, оның сырттағы тәрбиесіне де жауапты. Бұл анасынан кейінгі екінші анасы болу жүректің батырлығы екенін көрсетеді, - дейді ол.

Өз ісімен, сөзімен және көзқарасымен жас ұрпақты тәрбиелей отырып, ұстаз тұтас бір елдің болашағын қалыптастырады.

Осы орайда, маман болып қалыптасуыма өз септігін тигізген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің ұстаздар қауымына басымды иемін. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге икемді жаңашыл білім беретін ұстаздарымды атап айтар болсам, ф.ғ.д., профессор М.Серғалиев, Ж. Жақыпов, Т.Әбдіғалиева, Т.Әбдікәрім, Е.Әбдірәсілов, Г.Сыздықова,Қ.Сарекенова,А.Бейсенбай, Ж.Өмірбекова сынды ғалым-ұстаздардан тәлім алғаныма дән ризамын, - деп ұстаздарына ризашылығын білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы