Мұғалім автобуста орын бермегені үшін балаға ауыр сөз айтатын үлкендерге үндеу жасады

Мұғалім Толқын Батырбайқызы қоғамдық көлікте орын беру мәселесіне қатысты үлкендерге үндеу жасады. Ол өз жазбасында кішкентай оқушыларға айқайлап, ауыр сөз айтуға болмайтынын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үлкендерге үндеу жариялағым келіп тұр. Әсіресе автобусқа отырған кезде кішкентай оқушыларға тиісуді қойыңыздар. Бүгін мен бір оқиғаның куәгері болдым. Автобуста кішкентай оқушы қыз орын бермегені үшін жасы үлкен әйел оған ауыр сөздер айтып, намысына тиді. “Көргенсіз, неге үлкенге орын бермейсің?” деп баланың жүрегін жаралады. Бірақ ойланып көрейікші, мүмкін ол сабақтан шаршап келе жатқан шығар? Мүмкін сөмкесі ауыр шығар? – дейді ол.

Педагогтың айтуынша, үлкендердің міндеті – баланы жазғыру емес, керісінше мейірім таныту.

Жай ғана жылы сөзбен: “Балам, айналайын, үлкенге орын бере қойшы” десек жеткілікті. Көп жағдайда балалар ондай сөзді түсініп, қуана-қуана орын береді. Ал егер бермесе, оны әрі қарай ата-анасы түсіндіреді, – деді ол.

Толқын Батырбайқызы үлкендерді қоғамдық орындарда оқушыларға ауыр сөз айтуды доғарып, болашағымыз саналатын балаларға мейіріммен қарауға шақырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы