МСҚ елордалық медицина ұйымдарына 19 млрд теңгеден астам қаражат бөлді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Елімізде МӘМС жүйесі енгізілген жарты жылдың қорытындысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» МӘМС пакетіндегі медициналық көмек ақысы үшін елордадағы медицина ұйымдарына 19,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Төлем халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің көлемі мен сапасына мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Клиникалық хаттамаларды және емдеуге қажетті талаптарды сақтай отырып, факті бойынша көрсетілген және құжатпен расталған қызметтерге ғана төленеді.

Жарты жылдағы шығындардың басым бөлігі, 9 млрд теңгеден астам сома – стационарлық медициналық көмек төлемі. 6 ай ішінде жоспарлы түрде елорда стационарларында 33840 адам емделді. Көрсетілген консультациялық-диагностикалық көмек үшін шамамен 2,9 млрд теңге төленді. 

МӘМС жарналары мен аударымдары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өзіне емес, Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі. Сол жерден қаражат МӘМС пакеті бойынша көрсетілген медициналық қызметтер ақысы ретінде Қордың қызмет жеткізушілеріне – медицина ұйымдарына жіберіледі.

Бірінші жартыжылдықта барлық азамат МӘМС жүйесінде шартты түрде сақтандырылды және оларға кепілді көмек аясында да, МӘМС аясында да медициналық қызметтер қолжетімді болды. Сонымен қатар, 8269 адам құны 1,5 млрд теңгеден асатын медициналық оңалтудан өтсе, 1589 азамат 4,5 млрд теңгеден астам сомаға жоғары технологиялық медициналық қызмет алды, - делінген хабарламада.

Екінші тоқсанда карантин шеңберінде жоспарлы түрде медициналық көмек көрсетуге шектеу қойылғаны естеріңізде болар. 1 тамыздан елордадағы клиникаларда жоспарлы медициналық көмек қайта басталды. Сондықтан екінші жартыжылдықта МӘМС жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтер бойынша көрсеткіштер өседі деп күтілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы