МСІА бастамасымен төтенше жағдайлар қызметшілері біліктілігін арттырды

МҚІА бастамасы бойынша төтенше жағдайлар саласына жауапты мемлекеттік қызметшілер біліктілігін арттырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударуда.

Мемлекеттік қызмет саласында адами ресурстарды басқару бойынша озық тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнатылуда.

Өткен жылы АҚШ-қа іссапар аясында МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай АҚШ-тың Кадрлық қызмет офисінің директоры Роб Шрайвермен кездесті. Тараптар өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойып, мемлекеттік қызметтегі адами әлеуетті арттырудың маңыздылығы туралы келісімге келді.

Аталған келісім негізінде 2025 жылғы 20 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік қызметшілері мен қызметкерлері үшін «Дағдарысты басқарудағы көшбасшылық» тақырыбында онлайн форматтағы үшкүндік оқыту курсы өтуде.

Оқытушылар ретінде АҚШ-тың түрлі ведомство басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламаларын жүзеге асыратын Федералды атқарушы билік институтының профессорлары тартылды. Қазақстан тарапынан оқытудан 57 мемлекеттік қызметші, яғни Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылық құрамы және жергілікті табиғи ресурстарды қорғау саласының басқарма басшылары өтті, - деп жазды баспасөз қызметінен.

Аталған аудитория соңғы бірнеше жыл ішінде елімізде болған табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға және АҚШ-тың осындай жағдайларды басқарудағы бай тәжірибесіне байланысты таңдап алынды. Оқыту аясында тыңдаушылармен АҚШ-тың және Қазақстанның төтенше жағдайлар кейстері негізінде интерактивті талқылаулар өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Өзгелердің жаңалығы