МСҚ дәрігерлерге 73,7 млрд теңгеден астам үстемақы төледі – Төкежанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Төкежанов бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Халықтың МӘМС жүйесіне қатысуы» тақырыбында өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Қазақстанда коронавирус пандемиясы басталғалы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлері мен мамандардың жалақысына үстемақы төлеуді жалғастыруда. Наурыз-тамыз айларында 73,7 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы төленді. Тамыз айының қорытындысы бойынша, қор COVID-19, вирустық пневмониямен күреске тартылған 66 мың медицина қызметкеріне 17 млрд теңгеге жуық үстемақы төлеуде, - деді ол.

Басқарма төрағасы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес медицина қызметкерлерінің тізімі кеңейгенін еске салды. Оған мобильді бригадалардағы дәрігерлер мен медбикелер, бастапқы медициналық санитарлық көмек (БМСК) жанындағы жедел жәрдем қызметкерлері, сондай-ақ әскери-медициналық (медициналық), орталық атқарушы органдардың сот-медициналық бөлімшелерінің және өзге де орталық мемлекеттік органдар мен ведомстволардың, ҚР ПІБ Медициналық орталығына қарасты ұйымдардың қызметкерлері кірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы