Мойынқұмда із-түзсіз жоғалған баланы тапқан азамат марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Шу мен Меркі аудандары аумағында жүріп жатқан «Қарасора - 2020» жедел алдын алу шарасының барысымен танысты. 

Қос ауданда каннабиоидті есірткі заттарының көзі – жабайы қарасораның кең алқабы орын тепкен.

Шараға облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҰҚКД басшысы Марат Ирменов, Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов қатысты.

Кеңес заманына бері жаман атпен танылған Шу алқабынан пайда таппақ болғандар еліміздің әр түкпірінен ағылатын. Бірақ біреу білер, біреу білмес, Шуға қарағанда Меркі ауданында қарасора алқабының аумағы анағұрлым үлкен болып келеді. Дәлірек айтқанда, Шу ауданында – 24,4 мың гектар, Меркіде – 85,7 мың гектар. 

Сондықтан дәл осы екі ауданның облыс әкімі мен құқық қорғау органдары басшыларының назарын аудартқаны тегін емес. Тікұшақ алдымен «Тасөткел» учаскесіне аялдады. Мұнда ішкі істер органдарының ардагері Шопырхан Жапабаев аумақтағы қарасора алқабына қатысты жағдайды баяндап берді.

Кейін есірткімен күрес жөніндегі ауданаралық «Делта Долина» бөлімінің алдында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев сөз алды.

Мемлекеттің басты міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұл бағытқа ерекше назар аударған еді. Президент қызмет бабында азаматтармен тікелей жұмыс істейтін учаскелік инспекторлардың рөлін ерекше атап өткен болатын. Президенттің тапсырмасы бар, біз оны орындайтын боламыз. Қазіргі кезде барлық учаскелік инспекторлар көлікпен қамтамасыз етілген.  Ағымдағы жылдың соңына дейін 21 полиция қызметкерінің тұрғын үй мәселесін шешеміз. Тірек пункттерінің штаттық санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Сіздерге қоғам игілігі жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді, - деп атап өтті Бердібек Машбекұлы.
Бұдан соң облыс әкімі «Үздік учаскелік полиция инспекторы» және «Үздік учаскелік полиция бекеті» облыстық конкурстарының жеңімпаздарын марапаттап,  Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Руслан Мұсаевқа және Қордай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Саят Сүлейменге «Нива» жаңа қызметтік автокөліктерін табыстады. Дегенмен, әр аудан мен облыс орталығының үздік учаскелік инспекторлары да жаңа көліксіз қалған жоқ. Өңір басшысы барлығы 12 автокөліктің кілтің тапсырды десек, оған ие болғандардың қатарында   «Дельта Долина» есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі ауданаралық бөлімінің ұжымы да бар. Ағымдағы жылы полиция автопаркі 100 жаңа автокөлікпен толықты.

Соңғы екі күнде облыс тұрғындары ғана емес, бүкіл Қазақстан болып Мойынқұм ауданында жоғалған жеті жасар баланы іздестіру шараларына барынша алаңдаушылық танытқаны белгілі. Жоғалған бала Мойынқұм ауылының тұрғыны, ішкі істер органдарының ардагері Ермұрат Спановтың көмегімен табылды.

Полиция департаменті іздестіру шараларын ауқымды түрде ұйымдастыра білді. Барша Қазақстан болып жоғалған баланы тағдырына алаңдаған еді. Сізге үлкен рахмет, - деп облыс әкімі алғыс білдіріп, қол сағат сыйлады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы