Мораторий: Енді коллекторлар мазаңызды алмайды
Проблемалық азаматтық несиелерді коллекторларға сату мораторийі 2027 жылдың 1 мамырына дейін ұзартылады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, 2026–2028 жылдарға арналған Үкімет, Ұлттық банк және ҚНРДА бірлескен іс-қимыл бағдарламасының жобасында халықтың борыш жүктемесін төмендетуге және бизнесті несиелеу арқылы қолдауды күшейтуге бағытталған бірқатар шара қарастырылған. Сонымен қатар Ұлттық банкпен бірге ипотекалық мөлшерлемелерді айқындаудың жаңа әдістемесі әзірленіп жатыр. Ол тұрғын үй бағасы мен кредит көлемінің арақатынасына негізделетін болады.
2026 жылы тұтынушылық қарыздарды реттеу талаптары күшейтіледі: жылдық табысқа шаққандағы қарыздың жалпы коэффициенті енгізіліп, оның нормативі белгіленеді. Сонымен бірге борыштық жүктеме коэффициентін есептеу тәртібі қатаңдайды. Әбілқасымова атап өткендей, проблемалық несиелерді коллекторларға сатуға енгізілген қазіргі мораторийдің әсері айтарлықтай болды.
Былтыр азаматтардың несиелерін коллекторларға сатуға 2026 жылдың 1 мамырына дейін мораторий енгізілген болатын. Соның нәтижесінде коллекторлардың портфеліндегі проблемалық қарыздар саны 54%-ға азайды. Осы тиімділікті ескере отырып, мораторийді 2027 жылдың 1 мамырына дейін ұзарту ұсынылады, – деді Мәдина Әбілқасымова.
Проблемалық қарыз алушылардың санын азайту үшін соттан тыс банкроттық тәртібін қолдану механизмі одан әрі жеңілдетіледі.
Қаржы ұйымдары соттан тыс банкроттыққа жататын проблемалық қарыз алушыларды анықтайды. Азаматтарға бұл мүмкіндік туралы SMS-хабарлама жіберу тетігі енгізіледі, – деп толықтырды ол.
Агенттік 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап бөлшек несиелер бойынша секторлық қарсыциклдік капитал буферін 2% деңгейінде енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар бизнесті несиелеуді ұлғайтуға бағытталған уақытша пруденциялық шаралар жалғасады. Атап айтқанда, өтімділіктің төмендетілген коэффициентін (0,9) ұзарту қарастырылып, бұл банк жүйесінде 3 трлн теңгеге дейін қаражатты босатуға мүмкіндік береді. Бір мезетте банктердің ұзақ мерзімді ресурс үлесін көбейту және қорландыру құрылымын әртараптандыру жұмыстары жүргізіледі.
Әбілқасымованың пайымдауынша, ұсынылып отырған шаралар банктердің қаржысын бизнеске қарай көбірек бағыттауға, тұтынушылық қарыздардың шамадан тыс өсуін тежеуге, қаржылық тұрақтылықты нығайтуға және азаматтардың қорғалуының жаңа деңгейін қамтамасыз етуге ықпал етеді.