Монополияға қарсы заңнаманы бұзған екі мекемеге айыппұл салынды

«Қазақстандық аграрлық сараптама» АҚ және «АgroЭксперт-АЅ» ЖШС монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп, тұқымдық және отырғызу материалының сорттық және себу сапасын анықтау бойынша қызметтер нарығында «Қазақстандық аграрлық сараптама» АҚ және «АgroЭксперт-АЅ» ЖШС іс-әрекеттерінде бәсекелестікке қарсы көлденең келісім (картельдік сөз байласу) жасасу бөлігін бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу фактісін анықтады.

Жүргізілген тергеу нәтижелері бойынша «Қазақстандық аграрлық сараптама» АҚ және «АgroЭксперт-АЅ» ЖШС қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалды.

Істерді қарау қорытындысы бойынша Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы қаулысымен «Қазақстандық аграрлық сараптама» АҚ жалпы сомасы 24 600 940 теңгеге әкімшілік жаза қолданылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 25 наурыздағы қаулысымен «АgroЭксперт-АЅ» ЖШС қатысты жалпы сомасы 9 241 130 теңгеге әкімшілік жаза қолданылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдырды, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы