Мониторингтік топтар жүргізген бақылау кезінде 564 нысан қызметін өз еркімен тоқтатты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "КВИ бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдай" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев айтты.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің өңірлік департаменттері, жергілікті әкімдік өкілдері және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізген карантиндік режимді бақылау жұмыстарына келер болсам, бұл бағытта арнайы мониторинг топтар құрылды. Мақсат – эпидемияға қарсы және карантиндік шаралардың орындалуын бақылауды қамтамасыз ету. Осылайша, 5-14 шілде аралығында өңірлерде бақылау жұмыстарын жүргізу барысында карантин кезінде жұмыс істеген 16 572 нысан қамтылды. Тағы 1617 нысаннан заңбұзушылық анықталды. Осы ретте айта кету керек, нысандарды алғаш тексерген кезде оның инфекциялық аурулармен күресте санитарлық түсіндірме жұмыстарын жүргізгені ескеріледі. Мобильді топтар, ең алдымен, шектеу шаралары мен карантин режимін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуге жіберілді, - деді ол.Тимур Сұлтанғазиев мониторингтік топтар жүргізген жұмыс нәтижесінде 564 нысан қызметін өз еркімен тоқтатқанын мәлімдеді.
Нысандарды тексеру нәтижесінде карантин кезінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабы бойынша 5 шілдеден бері әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты 225 хаттама толтырылды. Оларға тиісті ескерту жасалып, әкімшілік айыппұл салынды. Мысалы, сауда, қоғамдық тамақтану нысандарындағы негізгі ереже бұзушылықтар қатарында маска тағу режимінің орындалмауы, әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы, әлеуметтік белгілердің болмауы, термометрияның жасалмауы, жиын-тойлардың ұйымдастырылуы, ауаны залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілмеуі, аумақтың дезинфекцияланбауы және т.б. бар, - деді ол.
Комитет төрағасы тиісті нормаларды сақтамаған өңірлердегі нысандардан мысал келтірді.
Мысалы, Ақмола облысында жұмыс істеуге тыйым салынса да, аумағы 500 шаршы метрден астам дүкен қызметін жалғастыра берген. Бұл нысан 638 940 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал Семей қаласындағы "Әлем" сауда үйі мен "Восход" базарына карантин кезінде жұмысын тоқтатпағаны үшін тиісті айыппұл салынды. Қостанай облысындағы нысан да карантин режимі кезінде жұмыс істеп, жұмысшыларда маска, қолғап, антисептик сияқты қорғаныш заттары болмады. Алматы қаласындағы бір нысанда 30 адамға арналған ұжымдық банкет жасалса, екінші мейрамханада 100 адам жиналған той жасау фактісі тіркелді. Осыған байланысты нысан иелері тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дәл осындай ереже бұзу деректері елдің барлық өңірінде тіркелді, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Асар. Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсеткен елдер
Өзгелердің жаңалығы