Моңғолияның жаңа бағыты: Қазақстан үшін қандай пайда бар?
Моңғолия Қазақстан арқылы жаңа нарықтарға шықпақ.
Соңғы жылдары Моңғолия сыртқы саясатта Ресей мен Қытай арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысып келеді. Дегенмен халықаралық жағдайдың өзгеруі елді жаңа серіктестер іздеуге мәжбүрлеуде.
Осы тұрғыдан алғанда Орталық Азия мемлекеттерімен байланыс орнату маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Әсіресе Қазақстан арқылы Каспий теңізіне және Еуропа нарықтарына шығу мүмкіндігі Моңғолия үшін стратегиялық маңызға ие болуы мүмкін.
Экономист Ерлан Кәрімовтің айтуынша, Моңғолия мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың күшеюі Қазақстан үшін де жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашады.
Қазақстан бүгінде Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды транзиттік хабқа айналып келеді. Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуы, теміржол инфрақұрылымының кеңеюі және логистикалық әлеуеттің артуы Моңғолия сияқты елдер үшін балама бағыт ұсына алады. Ал Қазақстан үшін бұл қосымша жүк ағыны, жаңа инвестициялар және өңірлік ықпалдың күшеюі деген сөз,-дейді экономист.
Оның пікірінше, «Үлкен Орталық Азия» идеясы тек геосаяси бастама емес, нақты экономикалық жобаларға негізделуі керек.
Моңғолия пайдалы қазбаларға бай мемлекет. Қазақстанның көлік инфрақұрылымы мен транзиттік мүмкіндіктерін ескерсек, екі ел бір-бірін толықтыра алады. Егер өңір мемлекеттері көлік, энергетика және сауда бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асырса, бұл бүкіл Орталық Азияның экономикалық әлеуетін арттырады. Қазақстан үшін де жаңа нарықтар мен серіктестерге жол ашылады,-дейді Ерлан Кәрімов.
Сарапшының пікірінше, Моңғолия мен Ауғанстанды қамтитын «Үлкен Орталық Азия» форматы өңірлік ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.