Моңғолиялық қазақ журналист қайтыс болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық және Моңғолия Журналистер одағының мүшесі, «Монгол Заман» газетінің бас редакторы Асылбек Рахатұлы 2021 жылы 6 қаңтар күні дүниеден өтті.
Асылбек Рахатұлы 1991 жылы Түркияда діни медресе оқып, 1993-1998 жылдары Стамбул университетінің журналистика факультетін бітірді.
Еңбек жолын Қазақстандағы «Қазақ Елі», «Жас алаш» газеттерінен бастап, «Азаттық» радиосында тілші болды.
2001 жылы Баян-Өлгий аймағындағы «Ақниет ТВК-10» телеарнасында тілші;
2003 жылы «Жаңа дәуір» газетінде жарнама менежері, Моңғолия Мұсылмандар қоғамының баспасөз хатшысы;
2003-2004 жылдары Қосағаш ауданында ғылыми жұмыспен айналысқан.
Бүгінге дейін «Бала, бала, бала деп...», «Құлыным» атты 2 кітап құрастырған болса, «Моңғолия қазақтары» энциклопедиялық анықтамалығы, «Алғашқы қарлығаштар» кітаптары жарық көрді. Сонымен қатар А.Бәйтеннің «Қияда ұшқан қыран» романын төтешеден қазақшаға аударды.
Журналистика саласында еңбек еткен жылдары жазған хабар, мақала, туындылары моңғол, түрік, ұйғыр, татар тілдерінде жарияланса, қазақшадан моңғолша аударған және түрікше шығарған мақалалары да баршылық.
Моңғолия, Қазақстан, Түркия журналистер одағының мүшесі Р.Асылбек 2010 жылы Халықаралық Журналистер одағына мүшелікке ілесті.
Асылбек Рахатұлы 2010 жылы Моңғолия қазақтары мен баян-өлгийліктерге арналған «Моңғол Заман» газетінің негізін қалап, айына 2 нөмірін тұрақты шығарумен бүгінге жеткен еді. «Монгол Заман» газеті Баян-Өлгийдің барлық сұмындары мен Қобда, Увс аймағы және Моңғолияның орталық аймақтарында тіршілік ететін қандастарымыздың рухани айнасы, ұлттық құндылығына айналды. Сондай-ақ қоғамдық, танымдық бұл басылым Қазақстан, Ресей, Қытай қазақтарының да асыға күтіп, қызыға оқитын баспасы болды.
Он жылда өзіндік оқырмандары бар, бұқаралық ақпарат құралдары ортасынан ойып орын алатын газеттің бүгінге дейін тұрақты жарық көруі редакторы Асылбектің қажырлы, қайратты, еңбекқорлығының нәтижесі екені белгілі. Оның ақпарат саласына сіңірген еңбегі бағаланып, Ақпарат саласының озат қызметкері, «Еңбек құрметі» медалі, «Алтын жұлдыз» орденімен сыйланса, «Монгол Заман» газеті 2018 жылы Моңғолия Журналистер Біріккен Одағының президенті атындағы сыйлық және 2019 жылы еліміз бойынша «Таңдаулы жергілікті газет» марапаттарына қол жеткізді.
Журналист, редактор Асылбек Рахатұлының қазасы аймағымыздың ақпарат саласына ауыр соққы болды. Оның алда атқара алмай кеткен істері жалғасын табады деп сенеміз. Марқұмның анасы мен ағайын туыстарына қайғыра көңіл айтып, жаны жәннатта, иманы жолдас болсын дейміз. Қош бол, аңқылдаған абзал азамат! – делінген Аймақтық қазақ радиосы және Моңғолия Журналистер Біріккен Одағының аймақтық бөлімшесінің көңіл айту жеделхатында.